Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ 

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше жандарды да назардан тыс қалмауы керек екенін баса айтқан болатын.  Ал  3  желтоқсан - Халықаралық мүгедектер күні екендігін біреу білсе, екіншілері білмес. Осыған орай, ауданда игі шаралар қолға алынып, мүмкіндігі шектеулі жандарға құрмет көрсетілді.

Алдымен, Миялы ауылында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Жаңадан салынып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған орталықта психо-неврологиялық ауруы бар және тірек қимыл қозғалысы бұзылған жас жарым жастан 18 жасқа дейінгі 24 бала күндізгі бөлімде тегін ем қабылдайды.

   – Сұранысқа сай осы жаңа, кең әрі сәнді екі қабатты ғимратты балаларға пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл балалар ерекше күтімді қажет етеді. Мекеменің әлеуметтік қорғау саласындағы алар орны ерекше. Енді бұл ғимаратта, ерекше балаларға сан түрлі әлеуметтік қызмет  көрсетіледі. Бөлімше ұжымының қызметіне жаңа жетістіктер тілеймін, - деген  аудан әкімі Қанат Әзмұханов ғимараттың кілтін бөлімше директоры Гауһар Қалыбайқызына салтанатты түрде табыс етті. 

    Одан әрі жаңа ғимараттың лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып пен желтоқсан оқиғасына қатысушы, II топ мүгедектігі бар азамат Нұрғали Сарғожа қиып, жаңа ғимараттың құрылысын жүргізген жеке кәсіпкер Медет Көбеновтің ерекше балаларға арнайы сыйлығы табыс етілді. 

  – Бүгінде ұсынысымызды қабыл алып, осындай заманауи үлгідегі оңалту орталығы пайдалануға берілгеніне қуаныштымын. Аудан басшыларына  аналар атынан алғыс білдіремін. Бұл ерекше балалар ерекше күтімді қажет етеді. Әрқайсысының әртүрлі дерті бар. Сондықтан бізге осындай мамандардың көмегі керек. Бұл балалар бөгде адам түгілі, бауырларымен де емін-еркін араласа алмайды. Сөйлеуге қиналып, көбіне өздері оқшаулана береді. Осы орталыққа келгелі балаларымыз ашылып, сахнада өнер көрсетіп жүр. Оңалту орталығының басшысы Гауһар ханымға және орталық мамандарына аналық алғысымызды білдіреміз. Балалардың тілін тауып, әр баланың бабын тауып, олармен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұнда бізге көмектесе алатын білікті мамандар, жаңа жабдықтар, тренажерлер бар. «Ерекше» балалардың ата-аналарының атынан осы орталықты ашуға көмектескендердің барлығына алғыс айтамын, - деді Юнус Ыбырайұлының анасы Гүлмира Ықыласова.  

   Одан соң, жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесінің директоры Гауһар Қанашева ғимарат ішін аралатып, орталықтың жұмысымен таныстырды. Бөлімшеде әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, психолог, дефектолог, логопед, сылап-сипау мамандары, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, тәрбиешілер қызмет етеді. 


   ІЗГІ ІЛТИПАТҚА ТОЛЫ ДАСТАРХАН

  Қашанда,  игі істің басы-қасында жүретін атымтай жомарт жан,  «Миялы» мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Мұратовтың мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіп жүрген қамқорлығы ерекше. Соның бір айғағындай, аталмыш мерекеге "Қамқорлық" орталығының директоры Райымбек  Яқып екеуінің ұйымдастыруымен «Ақсайын» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылып, оған аудан орталығындағы барлық мүмкіндігі шектеулі жан  шақырылды. Шарада алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов дастархан басына жиналған мүмкіндігі шектеулі жандарды айтулы мерекемен құттықтап, қоғамда белсенділік танытып, түрлі спорттық шараларға қатысып жүрген бірнеше  азаматқа  өз атынан Алғыс хат табыстаса, ардагер журналист Жолдас Жанқуатов:

  - Тағдырластарымды мерекемен құттықтаймын. Ең алдымен ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. "Мүмкіндігім шектеулі" деп үйде қамалмай, осылай қызмет етіп жүрген ерекше жандарға қандай марапат берсе де артық етпейді. Ересектерге арналған оңалту орталығына барып, қызмет алып жүрміз. Барлығы үшін шын ризашылығымызды білдіреміз,- деген ақжарма тілегін білдіріп, жуырда баспадан шыққан  «Әулет» кітабын шараға  қатысушыларға сыйға тартты.

     Бұған қоса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып пен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали да ізгі тілегін жеткізді.
    Сөйтіп, мерекелік, ізгі ілтипатқа толы дастарханға  қатысушылар өз өнерлерін паш етіп,  көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне тарқасты. 

Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген автор

Қызылқоға ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT