15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында еліміз бойынша емханаға тіркелу науқаны жүргізіледі. Науқанның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру.
Сондай-ақ, бұл шара рынокқа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалының директоры Байтолла Ғазизов.
Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек мұның маңызы арта түседі. Себебі, бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді.
Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсететін. Бұл жаңа учаскелердің ашылуына жақсы бастама болады және бұл мәселеде медицина саласындағы бизнес өкілдерінің белсенділігін арттырады деп сенеміз. Қазіргі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде 1365 медицина ұйымы бар. Оның 623-і жеке меншік. Ал, Атырау облысы бойынша биылғы жылға медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін алуға 62 денсаулық сақтау субъектілері өтініш берді. Оның 27-і жеке меншіктегілер.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалының директоры Байтолла Ғазизов:
–Азаматтар үш түрлі жолмен, яғни, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады, – дейді.
Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің "Жеке кабинетіне" жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқы-лы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады. Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына республика бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып отыр. Ал, Атырау өңірі бойынша 19, оның ішінде үшеуі жеке меншік. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалының байланыс телефоны: + 7 (7122) 956 932, + (7122) 956 936.
Өз тілшіміз.