Жақында «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ-ның Миялы ауылындағы филиалында «ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: тарихы мен даму бағыттары» деген тақырыпта ашық есік күні болып өтті.
Оны ашып жүргізген «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ-ның Миялы ауылындағы филиалының ҚКО-ның басшысы Өмірзақ Карин жиналғандарға зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері мен даму бағыттары, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы әңгімелеп берді. Негізінен ашық есік күні былтырдан бері өткізіліп келеді.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте гиперинфляция мен жұмыссыздықтың күрт өсуінен кеңестік дәуірден мұраға қалған зейнетақы жүйесі жарамсыз болып қалды. Осылайша зейнетақы жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ахуалға сай реформалау қажеттігі туындады. Реформаның басты мақсаты – азаматтардың қарттық шағына деген жауапкершілігіне негізделген әлеуметтік әділдік қағидатына сай жүйе қалыптастыру, яғни, әр азаматты зейнетақы жүйесіне қосқан үлесіне сай зейнетақымен қамтамасыз ету болатын. 1997 жылдың маусым айында «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданып, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Сол жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) құрылып, еліміздің зейнетақы жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл ойнаған алғашқы жеке қорлар да ашыла бастады. Ал, азаматтардың жинақтарын тиімді, қауіпсіз басқару мақсатында 2013 жылы МЖЗҚ-ның негізінде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры құрылды. Негізінен Қазақстанның зейнетақы жүйесі ортақ, базалық және жинақтаушы бөліктерден тұрады. Бірлескен зейнетақы бұрынғыша екі көзден қаржыландырылып, мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы төленеді, ал Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан салымшылардың өз жинақтарынан төлем жасалады.
Сондай-ақ, жүйені одан әрі жетілдіру «Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі модернизациялау тұжырымдамасына» сай жүргізілуде. Соған сай, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жасы келуіне байланысты зейнеткерлерге тағайындалатын базалық зейнетақы көлемі барлығына бірдей емес: ол еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысу мерзіміне байланысты. Азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру үшін енгізілген бұл өзгеріс базалық зейнетақыны екі есе өсіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағымдарының бірыңғай әкімгері және операторы. Қорда барлық келісім түрлері бойынша 10, 25 миллион жеке зейнетақы шоттары шоғырланған (2018 жылдың 1 қыркүйегіне). Олардың 9,75 миллион міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 464,8 мың – міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ), 39,8 мың – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шоттар. Зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 8,8 триллион. Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарының сомасы мен есептелген инвестициялық табыстың сұралған кезең аралығындағы көрсеткіші ЖЗШ-дан үзінді-көшірмеде көрсетіледі. Шара барысында, шараға қатысушылар өздерін толғандырған жеке сауалдарын қойып, жауап алды.
Өз тілшіміз.