Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ДОП ДОДАСЫНДА – ҚҰТҚАРУШЫЛАР

Жыл он екі ай күні-түні тынымсыз еңбек ететін құтқарушылардың еңбегі орасан зор. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп, адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалуда аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылардың ерлік істерін өскелең ұрпақ білген жөн.

Өткен жылы Астана қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өртте өрт сөндіруші Асқар Забикулин өз өмірін қатерге тігіп, 15 қабатты үйден бес адамды (оның ішінде бір баланы) құтқарып, он адамды сыртқа шығарды. Азаматтық қорғау капитаны Асқар Забикуллин тұрғындарға көмектескенімен өзі қатты күйік алып, ауруханада көз жұмды. Ендеше, осындай ерен ерлігімен өзгелерге үлгі болған қайсар жанды бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ұлағат етсе керемет емес пе?!
    Осыған орай Миялы спорт кешенінде құтқарушылардың төл мерекесі қарсаңында  І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Асқар Забикулин ерлік істерін насихаттау және еске алуға арналған шағын футболдан спроттық жарыс өтіп, оған сегіз («Барыс», «Ағатай», «Қайрат», «Жайық», «Жігер», «Қайсар», №10 өрт сөндіру бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі) команда қатысты.
    Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Жарас Есенғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Өтешовтер  зор жауапкершілікті талап ететін құтқарушылар қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ұжым мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
    Екі топқа бөлініп сынға түскен жарыстың алғашқы ойыны «Жайық» және «Жігер» командалары арасында өтті. Тартысты өткен ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Екі топтың арасындағы жарыстың қорытындысымен алға шыққан төрт команда өзара кездесіп, сынға түсті. Алғашқы екі таймда тең түскенімен пенальтиде Сағыз стансасы №12 өрт сөндіру бөлімінің командасын ұтқан «Жігер» командасы І орынды жеңіп алды. Ал, үшінші орын үшін болған ойын аудандық №10 өрт сөндіру бөлімі мен «Ағатай» командалары арасында өтіп, нәтижесінде өрт сөндірушілер жеңіске жетті.
    Жарыс соңында жеңіс тұғырына көтерілген командалар арнайы кубокпен, медальмен, дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ойын қорытындысымен Данияр Мыңбай – «Үздік ойыншы», Бердібек Мұхамедәлі – «Үздік шабулышы», Сейілхан Оқас – «Үздік қорғаушы», Азамат Мерген – «Үздік қақпашы» атанса, ойынға төрелік еткен Марлен Қуанаев «Үздік төрелік еткені үшін» дипломымен марапатталды.
Бауыржан ОҚАС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT