Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАЙСАР ЖАНДАРДЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Егемендік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарса, бір бөлігі милицияға жүктелді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін қалыптастыру мақсатында 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылып, 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді. Осы ретте, тарихқа сәл шегініс жасайық. 

Деректерге сүйенсек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі іргетасы  - 1944 жылы өрт қадағалау бөлімшесі болып ашылып, басшысы да, қызметкері де Ф.Ковалев деген азамат тағайындалды. Сол уақыттан бері қарай, яғни 80 жылға жуық уақыт ішінде біраз өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Мәселен, аудан орталығы Миялы ауылына көшірілгенде бірге келген бөлімше Миялы өрт сөндіру бөлімі болып өзгертілді. Бөлімге Рахымғали Қуанышқалиев жетекшілік еткен уақытта (1961-1975 жылдары ) тұңғыш рет өрт сөндіру депосы салынды. Екі арнайы өрт сөндіру автокөлігі беріліп, штат саны 12 адамға дейін өсті. Ал, бөлімді подполковник Мақсот Карин басқарғанда офицерлер құрамы төрт адам болса, жеке құрам 27 адамға жетті. Депо үйіне жалғастырып кеңсе салынды. Алайда, 1993 жылғы су тасқыны кезінде бұл ғимарат пайдалануға жарамсыз болып қалады да ұжым бұрынғы дәріхананың ғимаратына көшіріледі. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары халықты өрттен қорғау саласы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен алынып,  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің құрамына енгізілді. Бұл кезде бөлімге Сапар Әлменов (1996-1999 жылдары) жетекшілік етті. Ал ұжымды подполковник Асқар Алданбаев басқарған жылдары бөлімнің жеке құрамы әскерилендіріліп, жаңадан әскери қызметке денсаулығы жарамды жастармен толықтырылып, АЦ-2,5-40 «ЗиЛ-433362» және АЦ-2,5-40 «ЗиЛ-131» маркалы екі өрт сөндіру автокөлігі берілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығына сәйкес 2005 жылы «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Атырау облысы бойынша филиалының №10 өрт сөндіру бөлімі және мемлекетік бақылау және қадағалау бөлімі болып екіге бөлініп, мемлекетік бақылау және қадағалау бөлімінің бастығы болып азаматтық қорғау подполковнигі Жамбыл Қосымбаев тағайындалды. Мекеме атауы 2008 жылы қайта өзгеріп, аталмыш министрліктің бұйрығына сәйкес Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Қызылқоға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі (бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Жамбыл Қосымбаев) және  №10 өрт сөндіру бөлімі (бастығы азаматтық қорғау майоры Айбол Карин, 2006-2012) болып қайта құрылды. Осы жылы аудандағы ең үлкен елді мекен санатындағы Сағыз ауылынан өрт сөндіру бөлімшесі ашылып, басшылық лауазымына Талғат Көптілеуов тағайындалды. Қазіргі таңда бөлімше №12 өрт сөндіру бөлімі болып өзгертіліп, жеке құрамында 18 адамы, үш өрт сөндіру және бір қызметтік автокөлігі бар ұжымды Аманбек Қабдығалиев басқарып отыр.
Уақыт өте келе №10 өрт сөндіру бөлімінің теңгеріміндегі АЦ-2,5-40 «ЗиЛ-131» өрт сөндіру автокөлігі есептен шығарылып, орнына АЦ-5,5-40 «УраЛ-5557» маркалы өрт сөндіру автокөлігі, «УаЗ-Патриот-23632-235» қызметтік автокөлігі алынды. Сондай-ақ тыныс алуға жарамсыз орта аймағында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануға арналған соңғы үлгідегі 11 дана «Драгер» аппараты,  авариялық-құтқару жұмыстарына арналған (Holmatro) құрал-жабдықтар және  «Hytera RD-985» маркалы соңғы үлгідегі тұрғылықты байланыс құралы (рация) берілсе, бөлім ғимаратына газ желісі тартылып, газбен жылыту қазандығы орнатылды. 
Бұдан кейін әр жылдары өрт сөндіру бөліміне Ақан Смадьяров, Жамбыл Қосымбаев, Талғат Орақовтар жетекшілік етсе, қазіргі уақытта бұл лауазымды Райымбек Хуресов уақытша атқарып келеді. Ал, төтенше жағдайлар бөлімін Айбол Карин, Марат Күзембаев, Ақан Смадьяровтар  басқарса, бүгінгі күні басшылық қызметтің міндетін азаматтық қорғау майоры Жәнібек Өтешов уақытша атқаруда. 
Салауатты өмір салтын ұстанатын ұжым мүшелері аудан, облыс көлемінде өткен мәдени-спорттық шараларға және құтқарушылар арасында ұйымдастырылатын спартакиадаларға белсене қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленді. Құрылған жылдар ішінде бөлімнің жеке құрамы аудан көлемінде орын алған талай өртті ауыздықтап, қоғамға төнген түрлі қауіп-қатердің алдын алды. Жеке құрамның кез-келген уақытта орын алатын төтенше жағдайларға дайындығын пысықтау мақсатында жыл сайын әр маусымдық кезеңге сай аудандық оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. 

– Екі жыл қатарынан су тасқыны елді-мекендерге қауіп төндіргенде бөлім сарбаздары күн демей, түн демей жұмыс жасап, оқу-жаттығу жиындарында үйренгендерін іс жүзінде іске асырды. Тек қана су тасқыны кезінде ғана емес,  далада немесе үй-жайларда шыққан өрттерді ауыздықтауда жанқиярлықпен жұмыс жасауда. Қазіргі таңда аудандағы өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Аудан әкімдігінің қолдауымен Тасшағыл ауылында өрт сөндіру пункті жабдықталып, бір өрт сөндіру автокөлігі берілсе, барлық ауылдық округке  көпфункционалды өрт сөндіру көлігі алынды. Сондай-ақ, Миялы ауылында екі автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы салынуда, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Өтешов. 

Шындығында,  төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайтын құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Ендеше, ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, адам өмірін түрлі апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтап қалу, төтенше оқиғаның алдын алу бағытында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға алдағы уақытта да абыройлы  қызмет ете беріңіздер деген тілек білдіреміз. 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT