Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Берері мол бағдарлама

Бүгінгі таңда мал бағып, шаруамен айналысамын деген адамға мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуда.

Төмен пайызбен несие, субсидия, лизинг дейсіз бе барлығы да шаруагердің қамы үшін жасалып жатқан қамқорлықтар. Алайда, сол жеңілдіктерді шаруагерлер қалай алады, кімге барады, қандай құжаттар керек деген сауал туары анық.

Соған сай, жақында ауданымызға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Рысбек Самиғоллаев пен «КазАгроКепіл» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Алтыншаш Қондыбаева арнайы келіп, аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында өткен жиынды аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Алтынзер Баймұратова ашып, жүргізіп отырды.

Жиында алдымен сөз алған «КазАгроКепіл» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Алтыншаш Қондыбаева «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында түсінік беріп өтті. Оның айтуынша кәсіпкерлер үшін 6 пайызбен несие беретін «Іскер» бағдарламасы өте тиімді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарлама. Оны алу үшін ең бастысы екінші деңгейлі банктер мен салық органдарына ешқандай берешек болмауы керек. Егер барлық құжаттары түгел, ешқандай берешегі болмаса аталмыш бағдарлама арқылы алты миллион теңгеге дейін төрт түлік мал алуға болады. Сонымен қатар, жиында одан әрі сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Рысбек Самиғоллаев «Сыбаға» бағдарламасының тиімділігін тілге тиек етті. Бұл шаруа қожалықтары мен жеке мал өсірушілердің мал басын ет бағытында асылдандыруға арналған бағдарлама. Ірі қара мал бойынша ең жоғарғы шегі он бес жылға 70 миллион теңгеге дейін, ұсақ мал үшін он жылға 40 миллион теңге несие алуға мүмкіндік бар. Несиенің жылдық мөлшері төрт пайыз. Мұның басты талабы – еш жерде берешек болмауы керек. Сонымен қатар, малды өсіруге қажетті инфрақұрылым, қора, суат көзі, мал жайылымы болуы тиіс. Облыс орталығынан келген қонақтардан соң «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиев те сөз алып, несие серіктестігінің жасап жатқан жұмыстары жайлы қысқаша түсінік беріп өтті. Жиын соңында кәсіпкерлер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT