Бүгінде ауданда жұмыссыздар санының азаймай тұрғаны көңілге кірбің ұялатады. Бұл ретте, аудан әкімі Арман Баженов кеңейтілген мәжілісте: – Қазіргі уақытта ең күрделі мәселе жұмыссыздық жайы.
Сол себепті, оның шешілу жолы да қиын. Мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданып, жұмыс жасалуда. Оның бірі – әр адам кәсіп ашып, еңбек ету және халықты жұмыспен қамту. Бірақ, қазіргі таңда кәсіпкер ретінде несие алғанымен жұмысын оңынан жүргізіп жатқаны аз. Өзге түгіл өзін әрең жұмыспен қамтып отыр, – деген еді. Демек, жұмыссыздықтың көбею себебі неде? Оны азайту үшін нендей жұмыстар жасалу керек? Біз осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн санадық.
Жұмыссызға жалақы қайғы...
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жанболат Нығметовтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жұмыссыздар санын азайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, жұмыс беруші шетелдік компаниялар қарапайым жұмысшы болсын, басқа қызмет болсын еңбек өтілінің үш жылдан кем болмауын сұрайды. Ал, талапқа сай келмесе жұмысқа қабылдамайды. Сондай-ақ, бұрынғы уақытта тұрғындар жұмыссыз есебіне көп тіркелген жоқ. Мал бағумен және егін егумен айналысып, күйбең тірлікте жүрді. Ал, қазір халықтың сауаттылығы артып, жұмыссыздыққа тіркелуде. Бірақ, қазір жұмыссыз азаматтар біз жіберген жұмыстарға бармайды немесе жалақысы көңілінен шықпай, бас тартады. Осындай болмашы іс-әрекеттердің нәтижесінде жұмыссыздық бәсеңдемей отыр. Сонымен қатар, жұмыссыздар деңгейінің артуы жылдың мезгілдеріне тікелей байланысты. Мәселен, күз мезгілінде басталатын жылу маусымында 300-ден астам адам тартылады. Сондай-ақ, маусым-шілде айларында жоғарғы оқу орындарын бітірген жас мамандардың жұмыссыздыққа тіркелуі нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі күрт көтерілді. Мәселен, аудан бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелген жұмыссыздар саны маусым айының есебі бойынша 1101 адам болса, шілде айында 1508 адамға өсті. Оның ішінде 713 адам қоғамдық жұмысқа, 75 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 47 адам жастар тәжірибесіне және 286 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 102 жұмыссыз, біліктілігін арттыру курсына 2 жұмыссыз жолданса, кәсіпкерлік негіздері курсын оқытуға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 110 адам «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында әртүрлі бағытта оқу курстарында білім алуда. Сонымен қатар, 27 жас маман жастар тәжірибесімен, 3 жас маман тұрақты жұмысқа жіберілсе, жастар тәжірибесімен 42 маман меңгерген кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында 6 айға жұмыспен қамтылды. Осы орайда, жастар тәжірибесімен жұмыс жасаушы Мөлдір Александр былай дейді:
–«2013 жылы Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ветеринарлық медицина мамандығы бойынша оқуға қабылданып оны ветеринарлық-дәрігер болып биылғы жылы бітірдім. Маған оқуға түскеннен кейін бірінші курстың екінші жарты жылдығынан бастап аудан әкімінің гранты тағайындалды. Аудан әкімінің грантына негізінен сұранысқа ие мамандықтарды оқытады. Сол себепті, оқуды бітіргеннен кейін аудан әкіміне жолыққанымда, әзірге жастар тәжірибесімен тәжірибе жинақтауға жіберді. Сондықтан, аудандық ветеринарлық стансалық кәсіпорнына орналастым. Сол алты ай аралығында жұмыс орны қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ, негізінен мені ауданға ветеринар-дәрігер маман керек болғандықтан сұраныспен оқытып отыр. Және де олар жұмыспен қамтамасыз етуге тиісті».
Иә, шынтуайтына келгенде ауданға қажетті мамандықта оқып жатқан студенттер аудан әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі негізінде оқыту туралы келісімшартында «Оқу бітіріп келген білім беру көмегі негізінде оқыған жас маманға ауданнан жұмыс тауып беруге әкімшілігі міндеттеме қабылдайды» делінген. Демек, жас маман Мөлдірдің алаңдаушылық танытуы негізсіз емес.
Жұмыс бар, маман қайда? Мамандардың айтуынша, биылғы жылы білім саласы бойынша 3 математика, 2 орыс тілі, 1 физика пәнінің мұғалімі жетіспейді. Алматы, Ақтөбе, Орал, Астана, Атырау қалаларына түлектердің басым көпшілігі оқуға қабылданғанымен, оқуды бітіргеннен кейін сол қалада тұрақтап қалады. Оған не себеп? Жағдай десеңіз, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сай көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй беріледі. Аудандық қаржы бөлімінен білгеніміздей, былтырғы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 64 666,0 мың теңге республикалық бюджеттен кредит бөлініп, тұрғын үй сатып алу және салу үшін білім саласы бойынша 11 маманға, денсаулық сақтау саласы бойынша 6 маманға, спорт саласы бойынша 2 маманға, агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша 1 маманға бюджеттік несие берілген. Бірақ, әлі де салалардың маманмен толығуы бәсең.
Осы тұста, ең өзекті мәселенің бір шеті шығып отыр. Ол бүгінде қалада тұрақтап қалатын жас мамандар шоғырының көбеюі. Олардың айтуынша, қалада бір емес, бірнеше жерде жұмыс жасауға, тіпті жұмыс бабында әртүрлі жоғары деңгейдегі адамдармен қызметтес болып, тәжірибе жинауға мүмкіндік мол. Бұл ретте, жас маман Мирас Кереев: – Мен оқу оқып жүріп әртүрлі жұмыс орындарында қызмет жасадым. Ол жұмыстар барысында менің ойлау көкжиегім кеңейіп, идеялар пайда болды. Қазіргі таңда, жоғарғы оқу орнын су ресурстары және суды пайдалану мамандығы бойынша бітіріп отырмын. Өз басым қалада жұмысқа орналасуды көздеудемін. Негізінен қалада мүмкіндіктер де, табысты жолдар да өте көп. Әрине, бұл тұста ауылға барып жұмыс жасамау керек деген позицияны ұстанып отырған жоқпын. Бірақ, менің жеке пікірім осы. Белгілі бір аймақта немесе салада шектеліп қалуды дұрыс деп есептемеймін. Сондықтан, қызметімді қаладан бастағанды жөн көремін, – деп пікір білдіреді. Әлбетте, қаланың мүмкіндігі мен көкжиегі кең. Ал, ауылды қалаға айналдыратын Мирастай өз ісіне жетік мамандар емес пе? Осы орайда, біз жұмыссыздықты қалай азайту керектігі бағытында тұрғындардың пікірін білгенді жөн деп таптық.
Шетелдік компаниялардың талаптары орынсыз Жұмыссыздық заманды да, уақытты да қажет етпейтін, ел мен жерді талғамайтын құбылыс. Қай өңірге бара қалсаңыз, жұмыс жоқтықты айтқан бір адам. Әсіресе, зіңгіттей жас жігіттердің жұмыссыз отыруы ата-анаға салмақ салуда. Сонау 1990 жылдары совхоздар тарап, ел тәуелсіздік алған қиын тұста, халық қатты қиналды. Алысқа шаппай-ақ, өз ауданымыз ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен күнін көріп отырған кезі еді. Совхоздар тараған қарсыда ел жұмыссыз болып, зейнетақы мен балалар жәрдемақысына күндерін көрді. Алайда, кейінірек 1999 жылдың мамыр айына дейін аудан бойынша балалар жәрдемақысына 72 миллион теңге қаржы қарыз болды. Бірақ, кейіннен балалар жәрдемақысы ретке келді. Жоғарыда айтқанымдай, жұмысқа жарамды жастардың жұмыссыз жүргені алаңдатады. Қазір, шетелдік компанияларға мамандығы бар жастардың жұмысқа кірер кездегі талаптарының бірі жұмыс өтілінің екі немесе үш жыл болуы сұралады. Міне, осы талаптың өзі көп кедергі келтіруде. Менің оған тоқталып отырғаным, отбасын асырайтын кезі келген жас жігіттерді осы шетелдік компаниялар арнайы курстардан өткізіп, жұмысқа қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, бұл компанияларға осындай пікірді жеткізу басты мәселе деп білемін. Мысырғали БЕРДЕНОВ, Әлеуметтік сала ардагері.
Сапада жоқ маман қажет емес Әлбетте, «Ариадна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көптеген мамандықта жұмыс жасайды. Айталық, өнеркәсіптік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, әрлеу жұмыстары және аумақ көріктендіру, әлеуметтік нысандар және коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысы, ішкі және сыртқы инженерлік жүйелер, желілер, құрылыстар, жабдықтар мен өлшеу құралдарын монтаждау, көлік техникасының құрылғысы, ескі тұрғын үй қорын бұзу және қайта жаңарту, топырақтың көтергіш қабілетін талдау сынды мамандықтарда еңбек етеміз. Ондағы мақсат – құрылыс саласындағы қызметтерді ұсыну. Өз қызметінде, компания қазіргі заманғы материалдар мен жабдықтарды пайдалануға бағытталған. Бізден салынған ғимараттар қажетті техникалық талаптарына сай, сапасымен, сенімділігімен және жылдам құрылыс уақытымен ерекшеленеді. Бізге облыстағы әр аудан басшыларынан бос жұмыс орны пайда болған жағдайда немесе алдағы уақытта мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарына оқытып, жұмысқа алу жөнінде хаттар келіп түсуде. Бұл әрине, біздің жоспарымызда бар. Бірақ, тек мамандығы бар, яғни колледж немесе жоғарғы оқу орнын бітірген маманды жұмысқа қабылдап, арнайы оқытамыз. Өйткені, бізге санда бар, сапада жоқ маман қажет емес. Әрине, мамандар ТШО-да оқытылады. Алайда, бұл әзірге күз мезгіліне қарай жоспарлануда. Алан КАЙТУКОВ, «Ариадна» ЖШС -нің директоры.
Өтінішім әлі қаралу үстінде Мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Былтырғы жылы университетті тәмамдап, Тасшағыл дәрігерлік амбулаториясына жалпы практикалық дәрігер болып орналастым. Оқуды аудан әкімінің грантымен оқыдым. Қазіргі таңда, аудандық орталық ауруханада еңбек етудемін. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы алдым. Және де қызметтік үй сұрап, өтінішімді жолдағанмын. Алайда, өтінішім әлі де қаралуда. Мен аудан әкімдігінің грантымен оқығандықтан 3 жыл ауданда қызмет жасауым керек. Айкөркем АМАНБАЙҚЫЗЫ, аудандық орталық аурухананың жалпы практикалық дәрігері.
Ауылда ұстаз болу ойымда бар Кез келген оқу орнын бітірген жас маман бірден қызметке орналасуды қалайды. Мен де солардың қатарындамын. Өйткені, мен математика пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдадым. 4 жыл оқу барысында Атырау қаласындағы №13 ұлттық гимназиядан іс-тәжірибеден өттім. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орнын бітірер тұста, университетте жәрмеңке болған болатын. Ол уақытта, Қызылқоға ауданынан математика мамандығына ешқандай сұраныс келмеді. Алайда, аудандық білім бөлімінен білгенімде, мамандыққа сұранысты тек қана аудандық жұмыспен қамту орталығына жолдайды екен. Орталыққа тіркелген мамандар жетіспейтін мектептерге жіберіледі. Міне, осындай білместіктің салдарынан, қазіргі таңда Атырау қаласындағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне жұмысқа орналастым. Жалпы математика мамандығы бойынша Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе қалаларынан жас мамандар бітірді. Сондықтан да, аудандағы бұл мамандыққа жетіспеушілік болмайды деп ойлаймын. Негізінен колледжге орналасудағы мақсатым – қазіргі бітірген бакалаврды, магистратурамен жалғастырамын. Ал, жалпы алдағы уақытта математика мамандығына маман жетіспесе ауылға да барып, жұмыс жасаймын деген ойдамын. Айдана ДОСҚАЛИЕВА, Математика пәнінің мұғалімі.
Талап пен табандылық керек Негізінен ауылдық округтерден гөрі аудан орталығында жұмыс көзі көбірек. Мен өзім 2012 жылдан бері Миялы ауылдық округінде салық агенті болып жұмыссыздық жанынан жасап келдім. Алайда, 2017 жылдан биылғы жылға дейін шабарман болып өзгертіп, сол жұмысты жасадым. Әр жылдары әртүрлі екі, үш, алты айларға алады. Бірақ, маған негізгі жұмыс бөлінгендіктен жасаған айымды ұзартып отыратын. Қоғамдық жұмысқа алынатын ауыл тұрғындары шектеулі айларға жұмыс жасағандықтан, тұрақты жұмысқа орналасуды қалайды. Осындай мақсатта, аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыс сұрағанмын. Сол уақытта, аудандық білім бөлімінің сұранысына сай, тамыз айының алтысы күні жолдама берілді. Қазір аудандық білім бөлімінде экономист мамандығы бойынша жұмысыма кірістім. Мәдина ҚАНАШЕВА, Миялы ауылының тұрғыны.
Жұмыс таңдайтын заман емес Шындығында, бұл сөзді оқығанда көпшілігі шошынып қалары сөзсіз. Әрине, мал бағуға кедергі жоқ. Алайда, оны қиынсынып, қашқақтайтын жастар өз қасымда толып жүр. Өзім отбасыммен «Данияр» шаруа қожалығында үш жылдан бері еңбек етемін. Қожалық иесі Ерболат Жылқышиев та алғысын білдіруде. Қожалықта бүгінде сиыр, қой, жылқы малдарын өсірудеміз. Әрине, қиыншылығы да жоқ емес. Табиғаттың тосын мінезі, малдардың ауруы немесе аң-құстардың шабуылдауы тәрізді қиыншылығы бар. Көп жастардың жұмыссыз жүргені мені қынжылтады. Осы тұста, бұл жастар неге жұмыссыз деген ой туындауы мүмкін. Оның басты себебі – жалақысына немесе жағдайына қарай жұмысты таңдауы. Сырт көзге оңай көрінгенімен барлық қызметке қиыншылық жетіп артылады. Сондықтан, ең бірінші табылған жұмысты таңдап емес, табылғанына қуанып еңбек ету керек. Нұрдәулет ҚАРАБАЕВ, Жангелдин ауылының тұрғыны.
Халық арасында енжарлық басым Қазіргі таңда әрбір адам баласы өзінің жағдайын, өзінің болашағын өзі қалайды. Біреуден бірнәрсені сұрау, біреуге тәуелді болу деген дүние жоқ. Оны не себепті айтып отырмын? Оның себебі, жұмыссыздыққа тіркелдің ба, үкімет беріп отырған мүмкіндіктерді бос жібермеу. Барынша барлық жағынан ұтымды пайдалану. Әрине, бұл бағытта, ауыл тұрғындары түсінік немесе үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы орайда, өз отбасыларымен бүтін бір шаруашылықты жүргізіп отырған «Азат» шаруашылық қожалығын тілге тиек етер едім. Өйткені, үкіметте несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сол секілді, кез келген ауыл тұрғындары өз балаларының болашағы үшін білек сыбана кірісу қажет. Бірақ... Халық арасында енжарлық басым. Жұмыссыздыққа тіркелгеннен кейін әртүрлі курстарға оқуға жібергіміз келеді. Алайда, ешкімде оған ынта жоқ. Бір айлық курстарды оқып, шәкіртақысын алып, өз саласын ашса, өзін де, өзгені де қамти алатыны сөзсіз. Әттең, бұл да айтып-айтып жауыр болған тақырып. Жангелдин ауылдық округі бойынша 8 ай ішінде 66 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша жұмыссыздардан 2 адам оқыса, 3 адамға әлеуметтік жұмыс орны ұсынылып, қазіргі таңда 3 шаруа қожалығында қызмет атқаруда. Аязбай ОРАЗОВ, Жангелдин ауылдық округінің әкімі.
Қоғамдық жұмысқа кімдер тартылады? Әрине, аты айтып тұрғандай қоғамдық жұмысқа жағдайы жақсы адамдар легі тартылмайды. Біздің жұмысымыз ауыл халқын ақылы қоғамдық жұмыспен қамту. Оның өзінде де ақылы қоғамдық жұмысқа алынатын адамдардың ең алдымен әлеуметтік жағдайы зерделенеді. Сонымен қатар, жылдың аяғында жоспар жасаймыз. Онда отбасы жағдайы төмен адамдарды, үшінші топтағы жұмыс жасауға қабілетті мүмкіндігі шектеулі адамдарды, пробация тізіміндегі адамдарды және туберкулездің активті емес тобындағы адамдарды жылдық жоспарға енгізіп, ең алдымен осы адамдарды қамтуға тырысамыз. Өйткені, біз ол адамдарды қоғамнан оқшауламай, назардан тыс қалдырмауды басты назарда ұстап отырмыз. Сондай-ақ, негізінен ақылы қоғамдық жұмыстарға үш, алты және он бір айға жұмысқа алынады. Соның ішінде, он бір ай тек көше тазалығы жұмысына қарастырылған. Аудандағы бөлім, мекемелерге ақылы қоғамдық жұмыс жанынан адамдарды жібереміз. Әрине, кейбір жағдайда ол адамдардың жұмыстан сұранғаны немесе жұмыс жасауына кемшіліктер айтылып жатады. Осы тұста, менің айтпағым ол азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен болып, осы ақылы қоғамдық жұмысқа зәру болғандықтан еңбек етуде. Сондықтан, олардың жұмысына түсіністік танытқан жөн деп санаймын. Бақтыгүл ӘЗИ, Миялы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
Түйін: Ауданның өркендеуі үшін аудан халқының тұрақты немесе қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені, жас мамандар ауылға қызметке орналасса, әртүрлі саланың дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Алайда, кемшін кеткен тұстарда жоқ емес. Қаланың ауқымы мен ауылдың ауқымын салыстыру жөнді іс болмас. Ауыл мен аудандағы әр саланың ахуалын негізінен жас кадрлар өрістетеді. Қалай болғанда да, жұмыссыздықты азайту бағытында көбірек жұмыс жасалу керек. Халықты өзім деп ойлап, оның болашағына бас ауырту қажет. Жағдайына қарай, бір емес әр бағытта көмек көрсетіліп, жұмыс ұсынылса, жақсы істермен алда боларымыз сөзсіз.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.