Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ауылға көшпелі оқу орындары керек

Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйінбаев, облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Гүлнафис Жармұханбетова, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының маркетологы Серік Гумаров, «Кәсіпке бағыт» бойынша менеджер-кеңесші Назерке Рахишева және облыстық кәсіпкерлер палатасының Қызылқоға ауданы бойынша филиал директоры Алтынзер Баймұратовалардың қатысуымен «Бір ауыл - бір өнім» және «Кәсіпке бағыт» жобасы негізінде аудан кәсіпкерлерімен кездесу өтті.

  Алдымен Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Шара барысында ұмытылып бара жатқан сырмақ, саз балшықтан жасалатын тұрмыстық бұйымдар мен аспаптарды дамыту бағытындағы тосқауыл болар мәселелер айтылып, одан әрі үлкен залда ауыл кәсіпкерлерімен кездесу өтті.  Онда алдымен сөз сөйлеген Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйінбаев:

-    Биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл толып
отыр. Осы уақыт ішінде облыс, аудандарда біраз жұмыс атқарылды. Бүгінде «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту жобасы аясында кәсіпкерлерге екі бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Кәсіпкерлік әлеуетін дамыту құралы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асады. Бірінші бағыт «Кәсіпкер бағыт» бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне қажетті оқыту және бейіндік (кәсіптік) оқыту жүзеге асырылады. Ал, екінші бағыт әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы кәсіпкер қыз-келіншектер мен өз бастамасын ұсынған әйелдерге арналған бірінші бағыт бойынша бірнеше қызмет көрсетіледі.  Кәсіпкерлерге кеңес беру, кәсіптік, бизнес және дәстүрлі қолөнер түрлерін оқытуды ұйымдастыру, менторлық қызмет, қаржыландыру, оқыту, халықаралық жобаларға қатысуға жәрдемдесу, бизнеске талдау жүргізу сынды көмек түрлерін көрсетеді. Бұл бағыт бойынша Астана  қаласындағы  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкер әйелдер кеңесінің ұсынуымен біз өткен жылдан бастап жұмысымызды бастадық, - деді.

  Одан әрі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарламалар мен несиелер жөнінде маркетолог, менеджер-кеңесшілер түсінік беріп, ауыл кәсіпкерлерінің толғандырған сұрақтарына тұщымды жауап берді. Сұрақ-жауап барысында көшпелі оқу орталықтарын ашу туралы ұсыныстар да айтылды. Бұл ретте, ауыл кәсіпкері Алмагүл Нұрымғалиева «Егер де ауылымызға көшпелі оқу ұйымдастырылатын болса қажетті ғимаратпен өзім қамтамасыз ететін боламын» деген қолдауын да білдірді. 
    Бұдан кейін Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйінбаев бастаған топ Миялы ауылындағы «Аманат» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында Миялы, Тайсойған ауылдық округі кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева қатысты. Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Гүлнафис Жармұханбетованың айтуынша, облыс бойынша өткен жылы 505 әйел тіркеліп, оның ішінде 348 әйел , 1800-ден аса әртүрлі бағытта кеңес берілген. Сондай-ақ, елуден астам әйел нан-тоқаш өнімдерін дайындау, тігіншілік, бухгалтериялық, визажист, массажист бағытында білім алған.

Ал, биыл 100 әйел кәсіпкерді оқыту көзделуде. Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы әйел кәсіпкерлердің кәсібін әрі қарай дамыту мақсатында оқу қажеттілін жүзеге асырып, еңбек нарығына дайындау жұмыстарын жүргізеді. 
Сұрақ қою барысында кәсіпкерлер шалғай ауылдардағы жастардың берілген ақпаратты қиынсынып, дұрыс түсінбеуінен қиыншылықтар кездесетіндігін жасырмады.

-    Мемлекет тарапынан ақпараттық қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де,
ауылымызға өздеріңіз айтып отырғандай, көшпелі оқу орындарын ұйымдастыру өте қажет. Өйткені, тың идеялар болғанымен оны бастап кету кезінде жастарымыз тәуекел етуден жүрексініп жатады. Кейде құжаттар орыс тілінде жазылғандықтан оны көбісі түсінбейді. Ал, ауыл жастарының қандай да бір бағыт бойынша кәсіп бастауына көшпелі оқу орындарының тигізер ықпалы зор. Сондықтан, жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, кәсіпкерлік саланы жастарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырса деген ұсыныс бар. Арнайы уақытын белгілеп, жастарды бір орталыққа жинап ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізсе игі, - дейді Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақов.

    Кездесуден соң ауыл жастары мен шаруа қожалықтарының қолөнер туындылары мен сүт өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. 

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

 

    

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521