БҮКІЛ САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ЕСБОЛ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ БОЛЫП ӨТКІЗГЕН ҚАЙЫРЛЫ МЕҢДІҒАЛИҰЛЫНДАЙ АДАМДАР ӨМІРДЕ СИРЕК ШЫҒАР. ОЛАР ТУРАЛЫ БИІК МІНБЕРЛЕРДЕН АЙТЫЛА ДА БЕРМЕЙДІ. БІРАҚ ОЛАРДЫҢ АУЫЛ ҒАНА ЕМЕС, АУДАН, ОБЛЫС, ЕЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ ІЛГЕРІ БАСЫП, ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМУ ЫНА ҚОСЫП ЖҮРГЕН ҮЛЕСТЕРІ ҰШАН-ТЕҢІЗ. ҚАЙРЕКЕҢНІҢ ЕҢБЕК КІТАПШАСЫНДА «ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАНДЫ, ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ШЫҚТЫ ДЕГЕН ЕКІ-АҚ ЖАЗУ БАР» ДЕП БАРША АУЫЛДА СТАРЫ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ ӘРІ МАҚТАНЫШ СЕЗІММЕН ҮНЕМІ АЙТАДЫ.
Әр жанның бойындағы әрбір өнер шаңырақтан өзінің, ата-ана, әсіресе, нағашыларынан, өскен, білім алған ортадан даритындығын айтқан кейіпкеріміз, өзінің алғаш мандол аспабын ұстазы Болат Жексенбаевтан үйренгенін, Өрлік орта мектебін бітірген соң 1966 жылы Атырау музыка колледжін хор дирижері мамандығы бойынша 1970 жылы тәмамдап, Есбол мәдениет үйіне келіп, еңбек жолын бастағанына, Жамбыл атындағы мектепте музыкадан дәріс бергеніне тоқталды. Оқудан келісімен басы бүтін жұмысқа берілген Қайрекең шамы түн ортасына дейін сөнбейтін, жастардың қызыға баратын орнына айналған клубта драма, хор, би, дом быра, тіпті сол уақытта күрт дамып, аспаптары қат болса да түрлі жолмен табуға тал пынып, вокальды-аспапты "Жас әуендер" атты ансамбль құрып, ауылға ғана емес, аудан , облысқа танылғандарын баяндады. "Гүлдәурен" қыздар, Масалимовтер мен Хасанғалиевалардың отбасылық ансамбльдерін құрғандығы жайы сөз етілді. Бір қызықты қараңыз, дамылсыз жұмыс істейтін зауыт, не бір маңызды фабрика болса сөз жоқ қой, Мәдина жеңгеміз ағамыздың түс және кешкі асын пісіріп, мәдениет үйіне әкеліп жүреді екен. Қайырлы Меңдіғалиұлы драма үйірмесінде өздері дайындап, сахналаған "Бұл Лескиде болған еді", "Құдағи келіпті", "Күтпеген кездесу", "Күшік күйеу", тағы басқа туындыларда ойнаған Жолдас Жұмағалиев, Анатолий Швейкин, Римма Әбенова, Саламат Баетов, С.Көпжасарова, Мақсот Мәмбетов, Науан Сахипов, тағы да басқа әріптестерін де еске ала отырды. Домбыра үйірмесі, онда Зәуреш Аронова, тағы да басқа шебер орындаушылар да айтылмай қалмады. Әрине, еңбек еткен жыл дарында Қайырлы ағамыз тәрбиелеген шәкірттерде есеп жоқ. Олардың бірқатарының атын өнерпаз ағамыздың өзі де толық есіне түсіре алмаса да, әсіресе оның жолын қуып, өнер саласынан мамандық алып, өздері шәкірт тәрбиелеп жүргендерін үлкен ризашылықпен атап, мақтан етті. Ауыл мәдениетін өрге бастырып, сан шәкірттің қанатын шыңдап, ақ көңіл, пәк сезіммен жолдаған алғыстарын арқалаған, өмірін өнермен өрген жанның мерейін тасытқан шара осылайша қызықты өтіп, көп көңілдің кілтін ашты. Ең бастысы, өнерге адалдық танытқан еңбек адамының мерейі тасыды.
С.ХАЛЫҚОВ,
ардагер журналист



