Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Индер ауданында 39 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды

Атырау облысы Индер ауданына қарасты Бөдене және Жарсуат ауылдарында 39 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі екі ауылда да салтанатты жағдайда өтті. Іс-шараға қатысқан Индер ауданының әкімі Серік Нсанбаев қоныстой иелерін құттықтап, аудан көлемінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

Аудан әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Осы тапсырмалар аясында облыс әкімдігінің қолдауымен Индер ауданында нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.

– 2022 жылдан бастап ауданда апатты деп танылған үйлерден тұрғындарды көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жолы жаңа пәтерлер апатты жағдайда болған үш жатақхананың тұрғындарына берілді. Мұның барлығы – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар, – деді Серік Нсанбаев.

Жаңа баспаналар Бөдене ауылындағы Қ.Әбдіров көшесінде және Жарсуат ауылындағы Қ.Мурзин көшесінде орналасқан. Екі және үш бөлмелі пәтерлер заманауи талаптарға сай салынып, барлық қажетті инженерлік желілермен – су, газ, электр қуаты және жылумен толық қамтамасыз етілген.

Жаңа үйге қоныстанған тұрғындардың бірі Үміт Лұқпанова көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.

– Апатты үйде тұру оңай емес еді. Бүгін кең, жарық әрі жайлы пәтерге көшіп отырмыз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндік жасаған облыс пен аудан басшылығына шын жүректен алғыс айтамыз, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Индер ауданында апатты деп танылған тұрғын үйлерден 112 пәтердің тұрғындары жаңа баспанамен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта да аудан бойынша тұрғын үй қорын жаңарту және апатты үйлер мәселесін толық шешу жоспарланып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT