«ӨНЕР – ТАУСЫЛМАС ҚАЗЫНА, ЖҰТАМАС БАЙЛЫҚ». ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОЛӨНЕРІ АТА-БАБАМЫЗДЫҢ ӨМІРІМЕН, ЖАН ДҮНИЕСІМЕН, ӘДЕТ-ҒҰРПЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ. ОҒАН КҮНДЕЛІКТІ КЕСТЕ ТІГУІ, ТЕКЕМЕТ БАСЫП, ТІРШІЛІККЕ ҚАЖЕТТІ ТҮРЛІ ЗАТТАРДЫ ЖАСАУЫ ЖАТАДЫ. ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗ ДЕ ТАСАДА ҚАЛМАЙ, ЗАМАНА АҒЫМЫМЕН БІРГЕ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ. АУДАНДА ДА ІСМЕР ЖАНДАР ӨТЕ КӨП. СОЛАРДЫҢ БІРІ – БӨДЕНЕЛІК ЖҰМАЖАНОВА ГҮЛШАРА ҚАБДЕНҚЫЗЫ.
Ол 1968 жылы Өрлік ауылында қарапайым шаруа адамдары Қабден Жұмажанов мен Сәбила Ержанованың отбасында дүниеге келген. 1986 жылы Өрлік орта мектебін бітірген соң, сол жылы Гурьев қаласына училищеге түсіп, тігіншілік мамандығын алып шығады. Осылайша бала кезінен әжесінен үйренгенін мамандығына арқау етіп, алғаш еңбек жолын аудандық «Домбыта» тігін цехынан бастайды. Кейін 1990-1991 жылдары Бөдене ауылдық тігін ательесінде жұмыс жасайды.– Қолөнер маған қанмен келген. Әжем Оқиза ауыл-аймаққа аты шыққан өте шебер адам болған. Анам да біз ес білгелі жүн түтіп, киіз басады, көрпе жасайды. Бізге өзіміз қалағандай етіп көйлек тігіп береді. Осылай әжем мен анамның қасында көмектесіп жүріп үйрендім. Бала кезімде анамның тігіп отырған көйлектерін, маталарын қайшымен қиып тастайтын едім. Содан анам «сен бірінші киім пішуді қағазбен қиып үйрен» деп қағаз беретін. Газеттерді қиып-қиып үйіп қоятыным есімде. Анамнан қалған маталардан қуыршаққа киім тігетінмін. Мектеп оқып жүргенде өзіме алғаш рет кофта тіккенім есімде. Ол мезгілде жақсы мата тапсақ ательеге барамыз. Мен анаммен ақылдасып отырып, кофта тіктім. Жүрек қалауыммен тек тігіншілік мамандыққа бардым. Сол жердегі сабақ беретін апайларымыз менің іс тігуге деген бейімділігімді байқап көп нәрсенің қыр-сырын тереңірек үйретті. Анам «сенен жақсы маман шығады» деп риза болып отыратын еді. 1992 жылдардан бастап өзім үйдегі қол машинкамен іс тіге бастадым. Тоқырау заманы басталған уақыт. Жұмыс жоқ. Үйде ата-енемнің, жолдасым мен балаларымның бабын тауып, үй шаруасынан қолым босағанда іс тігіп жүрдім. Сол жылдардан бастап жұмыс жоқ болғасын үйден тапсырыс алып, әртүрлі бағытта киімдерді реставрация жасап та, құрақ көрпе де, мектеп формасын да тіктім. Түрлі моншақ, бисерлерден сәнді алқалар да тоқимын. Содан бері қарай қаншама киім тіккенімнің есебі жоқ, – деп бастады әңгімесін Гүлшара Қабденқызы. Содан бері оның күні-түні көз майын тауысып, ерінбей өзіне ұнайтын іспен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтады. Ине мен жіптің көмегімен, шебер қолдарымен жай матадан керемет киім-кешек, көрпе көпшік шығарғанда тігіншінің талантына еріксіз таңданасың. Күн сайын киім-кешегін жөндетуге немесе көйлегін, шалбарын дұрыстап қалпына келтіруге тапсырыс беретіндер қатары көп. Арнайы іздеп келіп, қажетті затын тіккізіп алатындар «Гүлшараның қолы алтын» деп айтады. Гүлшара Қабденқызы қазіргі таңда Бөдене мәдениет үйінде кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Өнерді жанына серік еткен ол жұмыста мерекелік шараларда сахналық қойылымдарда берілген рөлдерді сомдап, оркестрмен бірге домбыра аспабында ойнап, түрлі спорттық сайыстарға да қатысады.
«Жүрегіммен ұнататын, жаныма жақын мамандықты таңдадым деп нық сеніммен айта аламын. Шеберге ең бірінші сабырлылық пен төзім керек. Тапсырыс берген клиентің риза болса содан шабыт аласың. Тігін мамандығының қиындығы – тапсырысшының көңілінен шығу. Тіккен киімің сапалы болып, уақытында тапсыру керек», – дейді ол.
Ұлттық өнерді дамытып, оны өн бойына дарытып, ерекше қабілетімен та нылып жүрген шебердің әр бастамасына сәттілік тілейміз.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ



