Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Бала үшін ата-ананың мейірімі, тәлім-тәрбиесі, болашақ өмірін қалыптастырудағы қосатын үлесі ешқандай өлшеммен өлшенбейтін теңеуі жоқ үлкен еңбек. Қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп балалық шағыңды бүгінгі өміріңмен сабақтастырып бағалайды. Ат жалын тартып мініп, қатарға қосылғаныңда ер жетіп, бәрін де өзің үйлестіріп жүргендей сезінесің.

Орта жастан асып өмір-өзеннің толқынында тербелгенде, алдыңа ой жүгіртіп, артыңды бағамдағанда ата-ананың қадір-қасиетін ұғынады екенсің. Мұндай сезім мен шамалас замандастарымның бәрінің де көңілінде болар. Соның ішінде әке тәрбиесін, қамқорлығын көрмей, анамыздың бағыт-бағдар сілтеуімен өскен біздер үшін ананың орны ерекше.

Тағдырдың маңдайға жазғаны болар, жұмыста жүрген әкеміз азғантай ауырып 1974 жылы өмірден өтті. Алдымыз 13 жаста, соңғысы 3 айлық, 5 ұл, 3 қыз көзіміз жәудіреп анамыздың жанында қалдық. Әкесіз өмір, жабырқаулы көңіл күй, өмірдің қуанышы азайып, шаңырақты қара бұлт торлады. Ас-судан тарлық көрмегенмен, дос балалардың әкелері «айналайын-ай» деп бауырына қысқанда көздің жасы еріксіз шығып кеткен кезеңдері есте. Сегіз баланың соңғы жақтары «Әке» деген сөзді айта алмай, бет бейнесін көрмей де қалды. Осы кезде сегіз баламен, 34 жасында жесір қалған анамыз, жал-ғанның сарқылмас мұңына тап болғанын білсе де, бізге сездірместен бар ауыртпалықты мойнына алды. Басқа түскен соң адам бәрін де көтеретін болар, дегенменде жастай жолдасынан айырылып, алды мүшел жасқа толмаған, соңы бесіктегі сары уыз балапандарды адам қатарына қосамын, қиындықтарды жеңемін, бақытты өмір иесі атанамын деп армандау тек қана қазақтың қайсар аналарына біткен асыл қасиет болар. Сабыр, шыдам, төзімді жанына серік қылған анамыз екі жерде жұмыс жасап, қолға түскенін үйге тасып, қанатымен су сепкен қарлығаштай бар өмірін балаларына арнады. Жайдары келбеті, жайсаң мінезімен өз ортасына сыйлы болуымен қатар, ағайындардан да қол үзбеді. Бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, бауырынан өрбіген ұрпақтарын қатарларынан кем қылмай өсіріп жетілдірді. Сол тәлім-тәрбиенің арқасында берекелі мекеннен түлеп ұшқан, арман-мақсаттары биік сегіз отау бой көтеріп, түтіндері түзу ұшқан сегіз шаңыраққа айналды. Жаратылыстың заңдылықтарына сай отауымыз бөлек болса да қуанышымыз ортақ, қазанымыз бөлек болғанмен қазынамыз бір, Сарман әулеті деген ортақ шаңырақ астында бірге өмір сүріп келеміз. Қашанда көңіл күймесінің күміс қоңырауы шырылдаса төрімізден орын сайлап, саф алтындай ақыл-кеңесін тыңдап, мейіріміне шөліркеп отырамыз. Анамыз Қоңыр Рысмағанбетова 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 25 немере-жиен мен 7 шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Жасы 75-тен асса да Атырау өңіріндегі балаларын түгел аралап, Астана, Алматы қалаларындағы немерелеріне барып, «Жөргегі бірдің – көрмегі бір» дегендей ғибратты өмір жолындағы көрген-білгендерін айтудан жалыққан емес. Жұдырықтай жүрегімен бар ауыртпалықты көтеріп, қайғы мен мұңды өзінен басқа ешкімге сездірмей, жарқын болашақты армандап және оған қол жеткізген анамыздың өткені – өнеге, бүгінгісі – үлгі, ертеңі – шапағатқа толы өмір жолдары.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аяулы анамыздың асыл қасиеттерін жайдары қауымға жеткізе отырып, осы ауылдың перзенті есебінде барша аналар мен қыздарымызды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Салт-дәстүрімізде сұлу Жібектің сертін, қыз Баянның дертін, Құртқа қыздың көркін құрметтеген халқымыз, ұлағатты ұл тәрбиелеуде, инабатты қыз өсіруде, шаңырақтың сөнбес сәулесі, ыстық ұяның киесі саналған аналарды жасампаз рухтың шыңына балаған. Ендеше, еліміздің дамуына үлес қосып, береке мен бірлікті сақтап, өмірдің ажары мен көңілдің тазалығына нұрын шашып жүрген аяулы жандардың шаңырақтарына шаттық, амандық, саулық тілеймін!

Мұрат САРМАНОВ, жеке кәсіпкер.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT