Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Аудан әкімі қабылдады

Биыл КСРО әскерінің Ауған жерінен шыққанына 32 жыл толды. Он жылға жуық Кеңес әскерінің құрамында соғысқан қазақ жауынгерлері ерліктің үлгісін көрсете білді.

Көптеген қазақ сарбаздары сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тауып, бірқатары хабар-ошарсыз кетсе, мыңдаған жігіттер елге мүгедек болып оралды. Ауған соғысына ауданымыздан аттанған 43 жауынгер елге аман-есен оралғанымен денсаулығына салған соғыс зардабынан 4-еуі қайтыс болды. Қазіргі таңда ауданда 14 ауған соғысының ардагері тұрады. Азаматтық борыштарын абыроймен өтеп, қасіретті соғыстың қиындығын бастан өткерген жерлестерімізді мереке қарсаңында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев қабылдады.

– Сіздер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты ізбасарлары ретінде жастарға патриоттық тәрбие беруге үлкен үлес қосып келесіздер. Сондықтан да халқымыз жат жерде намысты ту етіп ұстап, ерліктің үлгісін көрсеткен Ауған соғысы ардагерлерін әрқашанда құрмет тұтады, - деген аудан басшысы Ауған соғысының ардагерлеріне алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Аудандық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин құттықтау тілегінен кейін сөз алған аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Марат Сәрсенғалиев мерекеге орай құрмет көрсетіп жатқан аудан әкіміне ыстық ықыласын білдіріп, кейбір қарулас достары мен ауған соғысының екі жесірін жұмыс, баспана мәселесі қинайтындығын тілге тиек етіп, соларға көмек қолы созылса деген ұсынысын айтты.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT