Осыдан он шақты күн бұрын ауданда ауа-райы күрт жылынып, еріген қардың суы ауылды телегей теңіз қылған еді.
Жұрт мұны көктемнің нышаны деп қабылдап, арқаны кеңге сала бастағаны да жасырын емес. Алайда, 16 ақпаннан бастап қар ұшқындап, кеш бата боран басталды. Түні бойы соққан боран аудан орталығының біраз бөлігін басып, адамдар мен көліктерді біраз әбігерге салуда. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша аудан көлемінде №12 дауылды ескерту жарияланып, барлық ауылдық округ әкімдеріне таратылған. Мамандардың айтуынша 16-17 ақпан күндері жел секундына 15-20 метрге дейін ұйытқып, 10-18 сантиметр көлемінде қар түсіпті.
Осы орайда, аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаев:
– Қазіргі таңда ауданда қалыптасқан қолайсыз ауа-райына байланысты патрульдік полиция тобының қызметкерлері алыс жолға шыққан көліктердің қысқы дөңгелегін тексеріп, аса маңызды жұмыстар болмаса алыс жолға шықпауға кеңес беруде. Алайда, жолдарды жабу туралы бұйрық келген жоқ. Ал, алыс ауылдардағы учаскелік полиция инспекторлары қожалық иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізіп, үнемі бақылауға ұстап отыр, – дейді.
Дулат МӘТЖАН