Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Қасиетіңнен айналдым, Қызылқоға»

Бірі білікті дәрігер, бірі мәдениет майталманы атанып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келе жатқан, ауданның Құрметті азаматтары Нәби Бисенғалиев пен Жәния Ізбасқанның биыл шаңырақ көтергендеріне 45 жыл.

Соған орай, өткен аптаның сенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде «Қасиетіңнен айналдым, Қызылқоға» атты салтанатты кеш болып өтті. Аталмыш шараға жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Светқали Нұржан, журналист, ЮНЕСКО сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай, Қазақстан Республикасы журналистер академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, ақын Бижан Қалмағамбетов, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, жазушы, журналист Төлеген Жаңабаев, Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр, Атырау облыстық мемлекеттік архив директоры Серік Қуаныш, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев, облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Алма Әзидоллақызы, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова, Астана қаласынан келген жерлесіміз, жеке кәсіпкер Медет Серікбаев және аудан басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шығармашылық кеш Нәби Қойбағарұлы мен Жәния Қалиқызының жастық шағы бейнеленген сахналық көрініспен басталды. Одан әрі екеуінің отбасылық өмірі, есейген шақтары, аудан үшін жасаған еңбектері театрландырылған көрініспен көрсетіліп, өмірбаяндары ЛЭД экран арқылы көрермен назарына ұсынылды. Шараның екінші бөлімі Жәния Ізбасқанның Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Қасиетіңнен айналдым, Қызылқоға» атты кітабының тұсаукесерімен жалғасты. Кітаптың лентасын аудан әкімі Арман Баженов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, кітаптың басылып шығуына тікелей мұрындық болған Мереке Құлкенов және Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, жазушы, журналист Жәния Қалиқызының ұстазы Төлеген Жаңабаевтар салтанатты түрде қиды. Содан кейін аудан әкімі Арман Баженов шығармашылық кешті ашып, құттықтау тілегін жолдап, кеш иелеріне ықылас гүлі мен естелік сыйлық табыс етті. Құттықтау тілекті одан әрі жалғаған Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов:

– Осынау саналы ғұмырымда талай кітаптың басылып шығуына өз үлесімді қосып келемін. Солардың ішінде маған ең ерекше әсер еткен екі кітап бар. Оның бірі – ауданның Құрметті азаматы, аңыз адам деуге тұрарлық Сайпол Мұқановтың кітабы болса, екіншісі – бүгін ғана тұсауы кесіліп жатқан Жәния Ізбасқанның кітабы. Екеуі де көз алдыңа тірі тарихты әкелетін ғажап кітаптар. Жәнияның кітабында аудан өмірінің барлық айшықты оқиғалары көркем де, жатық тілмен суреттелгенін көруге болады. Сондай-ақ, бүгінгі кеште Нәби аға жайлы да біраз сыр шертуге болады. Мұқырдың қасында Сарқұмақ деген ауыл бар. Сол ауылда Қойбағар деген ұстаз болды. Өте білімді, өте білікті адам еді. Оның алдын көрген шәкірттердің көбі бүгінде лауазымды қызметтерде. Бүгінгі кеш иесі Нәби талай шәкіртті тәрбиелеген жаңағы Қойбағардың баласы. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған Нәби ағамыз бүгінде елдің ағасы, халық денсаулығының сақшысы. Ендеше бүгінгі күні жақұт тойын тойлап отырған Нәби мен Жәнияны шын жүректен құттықтаймын, – деп тілек білдіріп, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Жәния Қалиқызына құттықтау сәлемін жеткізіп, қазақы дәстүрмен зерлі комзолды иығына жапты. Содан кейін Қызылқоға ауданының Құрметті азаматтары Төлеген Жаңабаев, Сайпол Мұқанов, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов, ақын Қалидолла Ізекендер игі тілек пен жалынды жырларын оқыса, кеш иелерін құттықтай келген облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Алма Әзидоллақызы мен дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова естелік сыйлықтарын табыс етіп, әсем әннен шашу шашты. Әдемі тілекпен өрілген әсерлі кеште Нәби мен Жәнияның немерелері Аян Асқатұлы, жас әнші Ақбаян Аманжолова, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән салып, шара шырайын аша түсті. Кешті Жәния Ізбасқан «Ризамын» әнімен қорытындылап, барша тілектес жандарға алғысын әнмен жеткізді.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT