Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қаптаған құрттан қалай құтыламыз?

Сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Қызылқоға аудандық филиалының басшысы Қайрат Базарбаев, аталмыш мекеменің анықтаушысы Орынғали Имашев және осы жолдардың авторы болып Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл ауылдық округтерінің жерлерін аралап, көрші Индер, Махамбет аудандарында қаптаған шалғын көбелегінің жұлдыз құрты бар – жоқтығын анықтау мақсатында жолға шықтық.

Өкініштісі сол – аталған құрт Көздіғара ауылдық округінің Бүйрек елдімекеніне бұрылатын жолдан басталды. Одан кейін барған Бүйрек елдімекеніндегі «Бек», Тасшағыл ауылдық округіне қарасты «Құлман» шаруа қожалықтарындағы және Жамбыл ауылдық округіне қарасты «Бескүтір» жерлерінде де осындай қаптаған құртқа тап болдық. Тіпті, Тасшағыл ауылының орталығындағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақта жанындағы шағын саябақтың  ішінен де көзімізге ілікті.

- Бұл құрттың пайда болғанына екі күннен асты. Айналамыздың бәрін қоршап алды. Үйге де кіріп кетті. Не істерімізді білмей отырмыз, - дейді «Құлман» шаруа қожалығының шаруагері Жәнібек Өмірзақов.

Жоғарыда айтқан, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Қызылқоға аудандық филиалының басшысы Қайрат Базарбаевтың айтуынша, шалғын көбелегінің жұлдыз құртын анықтау бойынша  барлық округтің жерлері қаралды. Солардың басым бөлігінде аталған құрттың бар екендігі анықталды. Құрттың ұзындығы 1 сантиметрден 2,5 сантиметрге дейін созылады. Зияндылығы сол – шөптің бойындағы ылғалдың бәрін сорып алып, тек құр ағашын ғана қалдырады. Егер жаз ылғалды болған жағдайда көбелек қайтадан жұмыртқа салады. Түсі көкшіл, қара жолағы бар. Жерге байланысты түсі өзгеріп отырады. Аптапты ыстықта әлсірейді. Бірақ, биылғы жылдың жаңбырлы болып, судың мол келуі аталмыш құрттың көбеюіне септігін тигізіп отыр. Осы ретте, шегіртке секілді жаппай улау жұмыстары жүргізілуі керек. Отыз жылдан кейін қайталанып түсіп отырған бұл құрттарға Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар шақырылып, бүгінде олар  Махамбет, Индер аудандарында жұмыс жүргізуде.  

fee018cb-80b9-4665-be05-55861d3e6ad8

Аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебековтің түсіндіруінше, аудан әкімдігі тарапынан шалғын көбелегінің жұлдыз құртын жою бағытында жұмыстар жүргізу қолға алынуда.

- Жалпы, аталмыш құрттар 2020 жылға дейін өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесінде болды. Сол жылы оны тізбеден алып тастады.Биылғы жылдан бастап қайта қосу қарастырылып жатыр. Егер қолданысқа енгізілетін болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылады. Қазіргі таңда, ауданның Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған, Сағыз, Мұқыр, Миялы ауылдық округтерінің жерлерінен шалғын көбелегінің жұлдыз құрты анықталып, ауқымы кең болуына байланысты оларды жою мақсатында ауданда төтенше жағдай жарияланып, сәрсенбінің сәтті күні Орал қаласынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар келіп, жұмыстарын бастады. Осы орайда, улау жұмыстары жүргізілген жерге шаруагерлер 15 күнге дейін мал жаюға болмайтынын ескергені жөн, - дейді аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков.

Сайып келгенде, қайткенде малға да, мал азығын дайындаушыларға да қажетті шөпті сақтап қалу үшін оңтайлы шешім қабылдау керектігі сөзсіз. Ендеше, бұл мәселенің де түйіні көп ұзамай шешіледі деген сенімдеміз.

Бауыржан СИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521