Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Миялылық түлектер баспана сыйлады

Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің мерейтойлық кездесулерінде түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналып келеді. Мәселен, жақында Қаракөл орта мектебін 20 жыл бұрын бітірген түлектер туған ауылына саябақ салып берсе, таяуда Миялы ауылындағы Х.Досмұхамедұлы және Б.Аманшин атындағы орта мектептерді 2002 жылы бітірген мектеп түлектері өз қаржыларына бір отбасыға төрт бөлмелі баспана алып берді. Аз қамтылған санатына жататын бұл отбасы бұған дейін апаттық жағдайдағы үйде тұрып келді.

Баспана табыстау шарасын мектеп түлегі Сиғуат Жолжанов ашып берген соң құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

– 2002 жылы мектепті аяқтап, болашаққа деген үмітпен аттанған сіздер міне бүгін 20 жылдық мерейтойларыңызда басқосып отырсыздар. Бүгінгі күні әрқайсыңыз әр саланың білікті мамандары болып, емен-жарқын кездесудесіздер. Тек қана кездесіп қоймай бір игі істің басынан табылудасыздар. Бүгін баспанаға мұқтаж бір отбасын ғана емес, осындай қайырымды істеріңізбен бүкіл ауыл тұрғындарын да қуантудасыздар. Бұл игі іс жалғасын тауып, келесі жылдары өздеріңіз секілді кездесетін түлектер жалғастырса игі деген тілек бар, - деді.

2dd574c3-f628-4576-a1c8-65c0e6309a74

Бұдан кейін аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жәния Ізбасқан мен ұстаздары атынан Толқын Бейсқали құттықтау тілектерін жеткізіп, мерейтой иелеріне сауапты істері үшін ризашылықтарын білдірді. Ал, жаңа баспана иесі Қойшыбай Лұқпанов «біз отбасымызбен мұндай тосын сыйды күтпеп едік. Баспана тауқыметін тартып келе жатқанымызға біраз жыл болды. Енді осындай жаңа әрі кең үйді алып беріп жатқан 2002 жылғы мектеп түлектеріне отбасымыздың атынан шын көңілден алғысымызды айтамын. Бүгін өзімді бақытты сезініп тұрмын» деді.

Бұдан кейін үй иесіне пәтер кілті тапсырылып, мектеп түлектері атынан Рита Балимова мен Қойшыбай Лұқпанов лента қиып, шашу шашылды. Келген қонақтар үйге енген соң жаюлы дастарханнан дәм татып, қайырымды іс жасап жатқан 20 жылдық түлектерге алғыстарын білдірді.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT