Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ – ҮНСІЗ АУРУ

сурет ғаламтордан алынды

 Қоғамда жиі айтылмайтын, бірақ көптеген отбасының тыныштығына сызат түсіретін өзекті мәселе – зорлық-зомбылық. Психолог маман ретінде біз күн сайын түрлі жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейміз. Солардың тағдырын тыңдай отырып, зорлық-зомбылықтың тек денеге ғана емес, адамның жан дүниесіне де ауыр жара салатынын анық көреміз.

Сондықтан бұл құбылысты «үнсіз ауру» деп атауға толық негіз бар. Зорлық-зомбылық көбіне сырт көзге байқалмайды. Ол тек ұрып-соғу емес, адамның ар-намысына тиетін сөздер айту, қорқыту, бақылауда ұстау, еркіндігін шектеу сияқты психологиялық қысым түрінде де кездеседі. Мұндай жағдайда жәбір көрген адам өз мәселесін айтуға ұялады, қорқады немесе жағдайдың өзгеретініне сенбейді. Уақыт өте келе бұл күйзеліс адамның өзіне деген сенімін төмендетіп, тұйықталуына, мазасыздыққа әкелуі мүмкін. Отбасын қолдау орталығына жүгінген азаматтардың көбісі ұзақ уақыт бойы үнсіз жүріп, көмек сұрауға батылдығы жетпейтінін айтады. Бұл – қоғамда зорлық-зомбылық мәселесі әлі де ашық талқыланбайтынын көрсетеді. Кейбір адамдар «бұл – отбасының ішкі мәселесі» деп ойлайды. Алайда кез келген зорлық-зомбылық – адамның құқығын бұзу және оған бейжай қарауға болмайды. Жалпы біздің орталық – қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсететін әлеуметтік мекеме. Мұнда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер және басқа да мамандар бірлесе отырып, отбасыларға қолдау көрсетеді. Бұл ретте, психологиялық кеңес беріп, эмоционалдық қолдау, отбасылық жанжалдардың алдын алу және татуластыру жұмыстары, құқықтық кеңес беріп, қажетті мекемелерге бағыттау, дағдарыс жағдайындағы азаматтарға уақытша көмек көрсетіп, балалар мен ата-аналарға арналған тренинг, кездесу, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізу жұмыстарын жүргізеді. Психолог ретінде біз ең алдымен жәбірленушінің қауіпсіздігін, эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруды және оның өз күшіне сенімін арттыруды көздейміз. Көп жағдайда қарапайым әңгімелесу, түсіністікпен тыңдау мен қолдау көрсету адамның өмірінде үлкен өзгерістерге бастау болады. Әр адам құрметке, қауіпсіздікке және бақытты өмір сүруге лайық. Зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мамандардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Отбасында өзара сыйластық пен ашық қарым-қатынас орнаса, көптеген мәселенің алдын алуға болады. Балаларды кішкентайынан мейірімге, төзімділікке және бір-бірін құрметтеуге тәрбиелеу – болашақта зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастырудың негізі. Егер өзіңіз немесе жақыныңыз қиын жағдайға тап болса, үнсіз қалмаған жөн. Отбасын қолдау орталықтары мен мамандар әрдайым көмек көрсетуге дайын. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше, өз өміріңізді қорғауға жасаған батыл қадам. Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Үнсіздікті бұзып, қолдау мен түсіністікке жол ашсақ, қоғамымыз әлдеқайда қауіпсіз әрі мейірімді болмақ.

Жансәуле ОРАЗАЕВА,

Отбасын қолдау орталығының психологы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT