Миялы спорт кешенінде Сағыз ауылдық округінің жастары арасында «Qurdastar cup 2026» кіші аяқ добы турнирі өтті. Мұндағы мақсат – ауыл жастарын шағын футбол спортымен шұғылдануға баулу арқылы олардың спортқа деген құлшыныстарын, достық пен өзара татулық қарым-қатынастарды нығайту.
Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және Қызылқоға балалар жасөспірімдер спорт мектебінің қолдауымен өткен турнирге тоғыз команда қатысып, кім мықтыны анықтады. Ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран ойналған соң құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев: – Бүгінгі өткелі отырған шараның тәрбиелік мәні аса зор. Өйткені спорт тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар бірлікті, достықты нығайтады. Бұл ретте Сағыз ауылының жастары әр жылы өмірге келген құрдастар арасынан команда құрып, оларды спорт алаңында жарыстырып игілікті іс жасап отыр. Әрине жастар тек қана спортта ғана емес, басқа да мәселелерде бірігуі қажет. Сіздер тек спорт алаңында бір біріңе қарсыласып, өмірде достықта болыңыздар, - деді. Осымен үшінші рет өткізіліп тұрған аталмыш турнирге Сағыз ауылындағы 1992 және 2002 жылдары аралығында өмірге келген құрдастардан құрылған 10 команда қатысты. Ойын шымылдығын ашқан 1994 жылғы және 1997 жылғы командалар арасындағы ойын тағдыры 0:1 есебімен 1997 жылғы команданың пайдасына шешілді. Турнирдің финалында кездескен 2002 жылғы және 1995 жылғы командалардың ойыны өте тартысты өтіп, нәтижесінде 2:1 есебінен турнирдегі ең жас команда 2002 жылы дүниеге келгендер І орынды жеңіп алса, 1995 жылғы команда ІІ орынды иеленді. Ал 1996 жылғы және 1992 жылғы командалар арасындағы ойында үш доп соққан 1992 жылғы команда ІІІ орынды иемденді.
Жарыстың марапаттау рәсімінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов, аудандық жастар орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ризабек Амантай және Сағыз ауылындағы «Саламат рухы» футбол командасының жетекшісі Дастан Жанжігітовтер «Көрермен көзайымы» атанған Әлфараби Төреғалиев, «Үздік қорғаушы» атанған Ақжол Жақсылық, «Үздік қақпашы» атанған Еркебұлан Шектіғұл «Үздік шабуылшы» атанған Дархан Теңелбай және «Үздік ойыншы» атанған Айболат Атырауларды марапаттап, турнир жеңімпазы мен жүлдегерлеріне кубок, диплом және медаль табыс етті. Осылайша достық пен бірлікті ту еткен Сағыз ауылының жастары тамаша ойын өрнегін көрсетіп, миялылықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ




