2025 жылы Атырау облысында жұмысынан айырылуына байланысты 28 225 адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен 12,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған төлем барлық азаматтарға емес, тек ресми түрде еңбек еткен және жұмыс беруші тарапынан МӘСҚ-қа тұрақты әлеуметтік аударымдар жүргізілген қызметкерлерге қарастырылған. Қордың Атырау облыстық филиалының бас маманы Нариман Салимовтың айтуынша, жұмыссыз қалған азамат алдымен мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс - Жұмыссыз мәртебесі берілгеннен кейін әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш Сақтандыру қорына проактивті түрде жолданады. Әлеуметтік төлем бір айдан алты айға дейінгі мерзімге тағайындалады. Оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген табыстың 45 пайызы көлемінде белгіленеді. Төлемді қайта рәсімдеуге болады, алайда бұл жағдайда оның мөлшері азаяды, - деді ол. Мамандардың айтуынша, ресми түрде еңбек еткен азаматтар жұмыстан қандай себеппен шыққанына қарамастан, әлеуметтік төлем алуға құқылы.




