Сағыз ауылындағы «Абдолла хазірет» мешітінде «Берекелі дастархан» атты мәдени-рухани кеш өтті. Оған аудандағы мешіттердің жамағаты мен Атырау қаласы мен Мақат ауданынан арнайы шақыртылған құрметті қонақтар келіп қатысты.
«Қызылқоға – құтты мекенім» қоры мен сағыздық жамағаттың ұйымдастыруымен өткен шараны «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов пен «Абдолла хазірет» мешітінің бас имамы, қари Нұрмұхаммед Шахмансұр ашып, жамағат арасында бірлік пен берекені арттыру хақында уағыз-насихат айтты. Бұдан кейін қатысушылар арасында спорттық және интеллектуалдық ойындар өтті. Кір тасын көтеру сайысында Қадырхан Рахмет жеңімпаз атанса, Қалыбай Егізбаев пен Мәлік Төлеуішов екінші, үшінші орындарды бөлісті. «QUIZ» интеллектуалдық ойынында «Қара шаңырақ» командасы өзгелердің алды болды. Берекелі басқосуда ең ерекше шара құранды мәнерлеп оқу және жатқа айту сайысы болды. Құранның 30-шы парасының «Әль-фаджр» сүресінен төмен қарай жатқа оқу сайысында Исмайл Демеуғалиұлы (Миялы) бірінші орынды жеңіп алса, Дімұхаммед Рүстемұлы (Сағыз) мен Батырғали Абдулкәрим (Миялы) екінші, үшінші орындарды иеленді. Ал, құранды мәнерлеп оқудан Абдуррохман Маратұлы (Сағыз) жеңімпаз болса, Расул Кенжебейұлы (Миялы) екінші орынға, Асылхан Медетұлы (Сағыз) үшінші орынға қол жеткізді. Жеңімпаз, жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша жамағат арасындағы бірлікті нығайту, рухани ілімді арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара өз мәресіне жетіп, көпшілік көңілдерін бір серпілтіп қайтты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ




