Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сахнаның сәнін келтірген

Театр деген таңғажайып өнер. Елімізде сұранысқа ие мамандықтардың бірі – «Сценография» мамандығы.

Қазір сахнаны безендіру өнерінің рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Бұл орайда, қазақ сценография өнерінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан театрымыздың ең алғашқы қоюшы-суретшісі және костюм суретшісі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері Махамбет Гүлмаржан Сәлімгерейқызының шоқтығы биік. Ол 1948 жылдың 11 желтоқсанында Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Елімізге танымал суретші Гүлфайруз Исмаилованың шәкірті. 2007 жылы Эстонияның Таллин қаласында өткен «MAX MODA-2007» халықаралық фестивалінің Гран При және 2007 жылы Беларусь Республикасының Минск қаласында өткен «Дивна» халықаралық сән фестивалінде бірінші дәрежелі жүлде иегері. 2008 жылы Астанада өткен «Алтын сапа» байқауының қатысушысы. Осындай атақ-дәрежесі мол Гүлмаржан Сәлімгерейқызымен аз-кем сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Гүлмаржан Сәлемгерейқызы, әуелгі әңгімемізді өскен орта, қиындығы мен қызығы мол өнер саласына келуіңізден бастасақ...

– Өзім нағыз қазақы жерде ұлттық тәлім-тәрбие көріп өстім. Ауыл шіркін керемет қой. Қол босаса болды қолымнан кітап тастамай, жата-жастанып оқитынмын. Өйткені, ол кезде қазіргідей телевизор, ұялы телефон деген жоқ, сөйтіп уақытымның көбінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, ертегілер, аудармалар және әдебиеттің тұнығымен сусындадым. Соның әсері болар деп ойлаймын, ұлттық киім үлгілеріне, қазақы нақыштағы ою-өрнектеріне жастайымнан мән бердім. Сурет салуға кішкентайымнан құштар болдым. Үйдің қасында әжелеріміз, жеңгелеріміз текемет тігіп, алаша тоқып, киіз басып отыратын. Мені үнемі шақырып алып кішкентай қыз болсам да ою-өрнек салып беруді сұрайды (күліп). Өзім шала білсем де көңілдерін қайтармай, қолымнан келгенше ою-өрнектерін салып беріп батасын аламын. Бесінші сыныпта өз бетімше киім пішіп, тігуді де үйрендім. Қолымнан шыққан дүниелерімді жеңгелерім ұялмай киіп жүреді. Қазір бесінші сыныптағы немерелеріме қарап отырып, таң қалам. «Бұл жастағы баланың қандай іс тігуі мүмкін?» деп. Негізі сол кезде тек сұлбасын жасаған болуым керек. Адамға сенім арту керемет қасиет қой, менің сол жұмыстарыма қанағаттанғанына риза болдым. Одан бауырларыма да киім тігіп лекалоны үйрендім. Лекало – өлшемдерге сәйкес қағаздан қиылған үлгілер. Ден қойып «Мода» журналын алдырып, сондағы сызба бойынша жұмыстандым. Осының бәрі менің мамандық таңдауыма көп септігін тигізді. Орта мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы 1972 жылы Н.В.Гоголь атындағы көркемөнер училищесінің театр бөлімін аяқтадым. Алғашқы еңбек жолымды М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында, сахна цехының меңгерушісі жұмысынан бастадым. Өйткені, театрда суретші маманы жеткілікті болды. Біраз адамдарды басқарып, негізгі жұмыстардың өзі қандай қиын екенін білуіме себепкер болды.

– Осы орайда, «Қаракөз» қойылымы туралы айтып берсеңіз?

–1975 жылы жаңа ғимарат беріліп, соның ашылуына Ташкенттегі театр өнері институтының режиссура факультетін бітірген, белгілі режиссер Е.А.Гинзбургтың шәкірті, өте білікті маман, ұстазым Рашида Шарафутдинова М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымын келіп қойды. Сол кезде кәсіби маман ретінде мені қоюшы суретші етіп бекітті. Үлкен классиканы алып кете алам ба деген бойымда үрей болғаны да рас. Бірақ, ол кісі Москва, Прибалтика театрларын көріп келген тәжірибесі мол болғандықтан, режиссер мен суретші тығыз қарым-қатынаста қалай жұмыс жасау керек екенін нақты айтып түсіндірді. Маған да керегі осы еді. Бірлесіп атқарған жұмыс оң нәтижесін берді. Бұл М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымының сәтті шығуы, мен үшін үлкен бастама болды. Жаңалық келгендей көрермендер ыстық лебізін білдіріп, мен туралы біраз хабарлар таратылып, мақалалар жазылды. Оны мен әр уақытта мақтаныш етіп айта аламын. Бұдан соң маған сенім артып, көптеген режиссерлармен классикалық қойылымдарды сахналадым. Солардың бірі – жүрегі қазақ деп соққан, белгілі өнер майталманы Жамбылбек Игілікұлы. Әлі есімде 1992 жылы жолдасым Оспан Махамбет екеуміз сән үлгілерін көрсету және ұлттық киім тігу «Гүлмаржан сән үйі» шығармашылық шеберханасын ұйымдастырдық. Сол кезде ұлттық өнер жанашырлары, Орал қаласында өзіміздің қазақ театрын ашқалы жатыр, оның бас режиссеры Жамбылбек Есенбеков деп естідік. Бір күні театр өмірімен біте қайнасып, Атырау театрында бірге жетіліп, бірге өркендеуіне зор үлес қосқан, қайталанбас тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі марқұм Амантай Сұлтанғалиев маған хабарласты. Телефоннан: «Гүлеке! (салмақпен) Қазақ театрын ашқалы жатырмыз. Көмегің қажет!.. Бірлесіп жұмыс жасайық», – деп мені шақырды. Бірден келіскеніммен бойымда толқу, қуаныш, қобалжу бәрі де болды. Театрдың алғашқы суретшісі болу кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Бұрыннан да тәжірибем жеткілікті болған соң, бірден іске кірістім. Қойылымға ұлттық киімдерді, сахна әшекейлерін күні-түні ұйықтамай, өзіміздің сән үйінен тігіп, шеберханада қамшы, ыдыс-аяқтардың бәрін қолдан жасап апардық. Жолдасым Оспан Махамбет, «Ұлт үшін қолдан келген көмекті аямау керек», – қолдау көрсетті. Халықтың көзқарасы мүлдем басқаша болды. Ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттайтын тағы бір шаңырақ бой көтергелі жатыр, – деп ерекше қуанды. Біз ол күнді асыға күттік. Содан Батыс Қазақстан Облысы қазақ драма театрының тұңғыш режиссеры Жамбылбек Игілікұлы мен тұңғыш директоры, сахна тарланы Амантай Сұлтанғалиевпен бірлесе отырып 1993 жылдың 16 желтоқсанында Батыс Қазақстан Облысы қазақ драма театрының шымылдығын М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен аштық. Бұл спектакльді біздің ұлтымыздың байлығы асыл тастар мен сән-салтанатты маталар, халқымыздың өнерінің озық үлгісі сәукелемен символикалық заттармен аштым. Жан-жағына фаталармен желбіретіп, қайғылы жерлерінде қара тюльді музыкамен түсіргізгенім көрерменге қатты әсер етті. Халық өте керемет қабылдап, міндетімнен абыроймен құтылдым. Оны сөзбен жеткізіп айту қиын… Міне, сағына күткен күндерге де жеттік…

– Түсінікті. Енді көкейіңізде мазалап жүрген ой бар ма? Соны білгіміз келеді.

– Көкейімде көптен мазалап жүрген бір ой. Саған рахмет! Театрдың негізін қалауға үлес қосқан мені неге ескермейді? Он, жиырма жылдық мерейтойының бірде-біреуіне мені шақырмады, көңілге көлеңке түскенін де жасырмаймын?! Елеусіз қалғаным ба білмедім. Кейде сол жерден келген әртістер, апайдың сол кездегі еңбегі зор болды деп тамсанып айтады. Ендеше, еңбегім зор болса неге шақырмайды? Өте өкінішті… Адамға тірі кезінде көңіл бөлу керек! Мен сол театрдың негізін қалаушы ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі А.Сұлтанғалиев, Халық әртісі Г.Жақыпова, ҚР мәдениет қайраткері Қ.Есенғұлов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ш. Есенғұлова, актер С.Сембаев, актер Т.Имашев, Т.Есенғалиев, ҚР Мәдениет қайраткері Ғ. Сүндетұлы, С. Әуелбаев, костюмер Р. Домалановалармен еңбек еткен адаммын. Жуырда ғана талантты актер Тельман Имашевтың ұстазы КСРО және Қазақстанның халық әртісі, атақты актриса Хадиша Бөкееваның аты театрға берілді деп естіп жатырмыз, құтты болсын! Өте қуаныштымын! Әлі де кез келген театрмен бірлесіп жұмыс жасауға, жылдар бойы жинаған тәжірибем арқылы біраз дүние жасауға, кез келген қойылымға қоян-қолтық жұмыс жасауға әзірмін. Телефон соғып, хабарласқаныңызға рахмет!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Самал ӘБУОВ, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері әрі қоюшы режиссері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT