Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АНАРДЫҢ ІСМЕРЛІГІ – КӨПКЕ ҮЛГІ

Ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан мамандықтың бірі – тігіншілік. Тігіншілік – өнер, ол әсіресе қыз баласы үшін маңызы зор. Оның үстіне ине мен жіпті қолға алып, тігін тігу қыздарымыздың болмысын нәзік етеді. Бұл ретте миялылық Анар Оразбаеваның шоқтығы биік.

1990 жылы Миялы ауылында дүниеге келіп, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептен білім алған ол аталымш мектепті бітірген соң Алматы Технологиялық Университетінің жеңіл өнер кәсіп бұйымдарын конструкциялау және технологиясы мамандығына оқуға түседі. Конструктор технолог мамандығын алып шыққан кейіпкеріміз еңбек жолын Атырау сервис колледжінен бастайды. Оқу орнында тігінші мамандарға дәріс береді. Екі жыл осында еңбек етеді. Кейін тұрмысқа шығып, үйде отырған уақытында тігінмен айналысады. Ине мен жіпті жанына серік етіп, тігіншілікпен айналысып отырған оны көпшілік таниды. Ол жұмысына тиянақты, уақытылы талғамыңа сай тапсырысыңды дайындап береді.

– Әжем ісмер адам болды. Тігін тіккеніне қарап қызығатынмын. Көрші қыздармен концерт қойып ойнағанда маталарын алып қыздарға көйлек тігіп беретінмін. Анам да қолөнер шебері. Баламен отырған уақытымда үйден тігін тігіп бастадым. 2018 жылдың ақпан айында жолдасымның қолдауымен жеке тігін Ательесін аштық. Қазіргі таңда үш адам жұмыс жасайды. Сұраныс жоғары. Мереке кезінде тіпті үлгере алмай жатамыз. Тігін тігу үшін де ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез-келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады ғой. Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Тігін өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, жауапкершілік пен тиянақтылыққа үйретеді. Бұл – көз майын тауысып істейтін шығармашылық еңбек. Тапсырыс берушілердің алғысы, ризашылығы мен жылы лебізі мені шабыттандырады, - дейді кейіпкеріміз.

Анар – анасы мен әжесінен дарыған қасиетті ары қарай дамытып келеді. «Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жетелейді, қанаттандырады. Алдымен ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді» деген ұстанымды ұстайтын тігінші бала арманына қол жеткізіп өз тігін ательесінде еңбек етуде. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі десек, әсемдік пен әдемілікке жаны құмар Анар өзінің қызына да осы саланың қыр сырын үйретіп жүр. Қызының да қызғушылығы жоғары. Бала күніндегі арманын табыс көзіне айналдырып, өз ісін сүйіспеншілікпен бір-екі күн ішінде тапсырыс берушінің сұранысына сай дүние жасап шығарады. «Шебердің қолы алтын», дейді халқымыз. Олай болса, тігін кәсібін дөңелетіп отырған Анар Ержанқызының кәсібіне береке тілейміз.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT