Атырау облысында жол сапасын бақылауға арналған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері аймақ аумағындағы автожолдарды диагностикадан өткізіп жатыр.
Соның бірі қайта жаңғыртылып жатқан KAZ-09 «Ақтөбе–Атырау–Астрахань» тас жолы. Республикалық нысанның 693–753 шақырым аралығындағы жол жабындысының тегістігі филиалдың жылжымалы жол зертханасы арқылы тексерілді. Тексеріс қорытындысы ҚР Жол жабындысының тегістігін бағалау нұсқаулығына сәйкес, оң нәтиже көрсетті.
Филаил инженері Мерей Телеугалиевтің айтуынша, жалпы жыл басынан бері өңірде 248 шақырым кепілдік мерзімі бітпеген жол учаскелері және 449,8 шақырым күтіп ұстауға жататын жол желісі диагностикадан өткен.
«Жолдарды диагностикалау - автожол жабындысының нақты жағдайын анықтауға мүмкіндік беретін ғылыми негізделген процесс. Ол жол жабындысының техникалық жағдайын нақты бағалап, ақаулардың алдын алу және жөндеу жұмыстарын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл әдіс арқылы асфальттың тегістігі мен тығыздығы, беткі қабаттағы жарықтар мен бұзылу белгілері, жүктемеге төзімділік деңгейі, жол жабынының техникалық және пайдалану сипаттамалары бағаланады. Ал, мұндай мәліметтер жобалық шешімдерді жетілдіруге, жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға, сонымен қатар қаржыны үнемді бөлуге көмектеседі" дейді М.Телеугалиев.
Жол сапасына жүргізілген диагностика тек жоба сапасын бақылау үшін ғана емес, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін де маңызды. Жол активтерінің жағдайын мерзімді тексеру - ұзақ мерзімді перспективада жолдардың қызмет ету мерзімін ұлғайтып, жөндеу жұмыстарының жиілігін азайтады. Сонымен қатар, бұл тексерулер мердігер мекемелердің кепілдік міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, салынған немесе жөнделген жол сапасы нақты деректер негізінде бағаланады.
Алдағы уақытта да Атырау облысында жол сапасын бақылау және диагностика жұмыстарын қарқынды жүргізу жоспарланып отыр. Бұл республикалық маңызға ие жол инфрақұрылымының сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.