Аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен аптаның бейсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Онда сөз сөйлеген аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Ақтоты Тасжанова:
– Бүгінгі жәрмеңкеге 4 мұнай компаниялар мен аудандық мекемелер бос жұмыс орындарын ұсынуда. Сондықтан өздеріңіз қалаған мекемелерге мамандықтарыңыз бойынша түйіндемелеріңізді тапсыруға болады, - деді.
Жалпы, жәрмеңкеге облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан 28 шетелдік компаниясы шақырылған. Алайда, жәрмеңкеге олардың төртеуі, яғни «ISKER Сonsortium» ЖШС, «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС, «Ақжол құрылыс» ЖШС, «Сенімді құрылыс» ЖШС қатысып, 31 бос жұмыс орындарына сұраныс беріп отыр. Басқалары компанияларында бос жұмыс орындары жоқ болуына байланысты келген жоқ. Жәрмеңке нәтижесімен, «Нұр-Шуақ» балабақшасына 1 адам аспазшы, Миялы ауылдық округіне 1 адам күзетші болып тұрақты жұмысқа қабылданса, «Жасұлан» балабақшасына 1 адам күзетші болып, уақытша жұмысқа орналасты.
Ал, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің электрик мамандығы бойынша берген сұранысы қанағаттандырылмады. Өйткені, электрик мамандығы барлар ауылдағы жұмысты місе тұтпай, вахталық әдіспен жұмыс жасауды қалады. Ал, «ISKER Сonsortium» ЖШС-не 6 адамның, «Ақжол құрылыс» ЖШС-не 25 адамның, «Сенімді құрылыс» ЖШС-не 12 адамның түйіндемелері жіберілді. Олардың қатарында 1 пробациялық бақылауда жүрген және 1 алимент төлемей жүрген жұмыссыз бар.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ