Атырау облысы бойынша өткен Қазақстандық Гинес рекордтар кітабына ену мақсатында секіртпемен секіруден рекорд орнатуға біздің аудан тұрғындары да белсене қатысты.
Шара Миялы ауылының орталық көшесінде сағат таңғы тоғызда басталды. «Денсаулық-2018» фестивалі аясында өткен шараға барлығы 1600-ден аса тұрғын қатысты. Қатысушылар алдымен таңғы жаттығу жасап, содан кейін барлық қатысушылар бір уақытта секіртпемен секіріп, бір сергіп қалды. Таңғы жаттығу мен секіртпемен секіруді Миялы балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Роман Майлашев өткізді. Одан соң, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов құттықтау сөз сөйлеп, жақында ғана қазақ күресінен Азия чемпионатының жүлдегерлері атанған Нұрболат Ізімғалиев пен Наурызбек Майлашевты марапаттап, Нұрболатқа демеушілер атынан жылқы мінгізсе, Наурызбекке ақшалай сыйлық табыстады. Ал, оларды жарысқа дайындаған жатықтырушысы Айбек Серғалиев аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, биылғы жылы белбеу күресінен Қазақстан чемпионы атанған Думан Мүтішовке «Спорт шебері» куәлігін табыстады. Марапаттау рәсімі спорттық жарыспен жалғасып, ересектер арасында кір тасын көтеру, оқушылар арасында күш сынасудан сайыс болды. Кір тасын көтеруден бірінші орынды Роман Майлашев жеңіп алса, екінші орынды Далабай Сартбаев, үшінші орынды Терекбай Ерболатов иеленді. Ал, күш сынасудан Жеңісбек Қанатұлы жеңімпаз атанса, екінші, үшінші орындарды Саламат Жандарбеков пен Жүрсін Болатов өзара бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев диплом және медальмен марапаттады. Сондай-ақ, аталмыш шара барысында аудандық орталық аурухана ұжымы арнайы денсаулық қалашығын дайындап, сол жерде тұрғындардың қан қысымын, бойын, салмағын өлшеуге мүмкіндік алды. Игі шара одан әрі мерекелік концертке ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Дулат БЕРІК.