Қазан айының басында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедициясы бастау алған болатын.
«Бабалар ізімен...» деген ұранмен басталған экспедицияға қатысушы Өтей Ақымбетұлының ұрпақтары Сәттібек Ысмайлов пен Ерлан Құсайынов Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылынан жаяу шығып, Қарабау ауылының маңында жерленген аталарының басына дейін жаяу баруды жоспарлады. Осы мақсатта тәуекел деп жолға шыққан олар дүйсенбі күні аудан орталығы Миялы ауылына табан тіреді. Жаяулатып 1050 шақырымды артқа тастаған қос жорықшыны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев бастаған топ ауыл шетінен қазақы дәстүрмен күтіп алып, құрмет көрсетті. Сол жерде сапар барысы жайлы әңгімелеген Сәттібек Ысмайлов:
– Біздің басты мақсатымыз – батыр бабамыздың басына туған жерінің топырағын апару және ішкі туризмді дамыту. Жаяу шыққан себебіміз – қазақтың кең даласымен танысып, табиғаттың тылсым сырларына қаныға түсу. Әрине, мың шақырым жаяу жүру оңай болған жоқ. Алайда, алға қойған мақсатқа жету жолында тартынған жоқпыз. Күн де жақсы, жылы болды. Әрі сапар барысында жолдағы өздеріңіз сияқты бірнеше ауыл қазақы салтпен күтіп, құрмет көрсетті. Алғашқы күндері тек 15 шақырым жүрсек, бертін келе аяғымыз үйреніп күніге 40-50 шақырымды бағындырып, жылдамдықты үдеттік. Екеуміз 50 шақырымға бір литр су ішіп отырдық. Тамағамыз нан мен қойдың құйрық майы болды. Себебі, басқа тамақтар алсақ, артық жүк жүрісімізге кедергі келтіреді. Жолды өзіміз алып шыққан қағаз карта арқылы таптық. – дейді.
Қос жорықшы ұзақ жолдан шаршағандарына қарамастан аудандық музейге бас сұғып, аудан тарихымен танысты. Өз кезегінде музей директоры Нұрбол Түгелбаев экспедиция мүшелеріне Өтей батыр туралы тың деректерді жинақтап, музейге тапсыру туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысқа қуана келіскен жорықшылар сол күні аудан орталығына бір түнеп, сейсенбі күні Қарабау ауылына қарай жолға шығып кетті.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН