Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҮЙІМІЗДЕ ТЕК ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙМІЗ

Елімізде қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері талай жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде керегесі келісті, болашағы байыпты да байсалды, келешегі кемел елге айналуымыз  бірлігіміз бен татулығымыздың арқасы екені анық. Осы тұста, Қызылқоға топырағында өмірге келіп, бала күнінен зерек боп өскен белорусь ұлтының өкілі Әсемгүл Стомма аудан тұрғындарына жақсы  таныс.

Бүгінде Маңғыстау облысының келіні, ұлағатты ұстаз Әсемгүл Стомма:

«Қасиетті Қызылқоға топырағында туып-өсіп, Ш.Еркінов атындағы орта мектепте білім алдым. Қазақ тілінде білім нәрімен сусындап, қазақ тілі арқылы тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрі мен дінін меңгердім. Әкем Беларусь жерінде дүние есігін ашып, Кеңес Үкіметі кезеңінде білім алып, қазақ жеріне маман болып жұмыс атқаруға келген. Сол сапары мәңгілік Қазақстан азаматы болып қалуына үлкен негіз болған – менің анаммен отау құруы. Бұл күнде әкем бақилық болғанымен қазақ жерінде 60 жылдан астам уақыт тұрды. Әрине, шаңырақта көп баламыз. Жеті  ұл-қыздан 16 немере-жиен  бар.

Салт-дәстүрдің сырын анамнан үйрендім. Отбасылық өмірімізде қазақтың салтын сақтай отырып, үйде тек қазақ тілінде сөйлейміз.  Жастайынан кеңшар  қызметін атқара жүріп, өзі жүргізіп жүрген техникасының жанына жантая жата салып, том-том кітаптарды оқыған әкемнің өмір жолы тамаша. Білуге, білім алуға деген қызығушылығының арқасында балаларына ойыншықтармен қатар, «Жақсы сыйлық – кітап» деп кітап сыйлайтын. Сол арқылы бала кезден біздер де кітапқа құмар болып өстік. Алғашқы оқыған кітаптарым  балаларға арналған орысша кітап болды. Ол уақытта бұл кітап баланың танымын қалыптастыруға таптырмас дүние еді. Артынша тек қазақ тіліндегі кітаптарды оқыдым. Содан соң батырлар жырын оқуға, жаттауға қызығушылығым артып, әр түрлі көркем сөз оқуларға, байқауларға қатыстым. Ауыл, аудан, облыс, тіпті республикалық жарыстарға да қатысып, өзімнің қазақы қасиет бойыма сіңген қыз екенімді дәлелдедім. Кейде анамның ісмерлігіне қызығып, 8 жасымнан бастап қолыма ине-жіп алып, түрлі бұйымдар тоқуды қолға ала бастадым. Қазіргі таңда, өзім тұрмыс құрып, қазақы бір ошақтың шамын түтетін отырмын»  дейді.

Иә, қаймағы бұзылмаған ауданда  өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің  тілегі біреу ғана. Ол татулығы жарасқан елдің еңсесі биік болса игі. Өйткені, қысылғанда қол ұшын беріп, бауырына басқан, татулығы мен бірлігі жарасқан еліміз достық құшағын кең ашқан. Ендеше, осындай ынтымақ пен бірлікті  ту еткен айшықты елдің болашағы жарқын болғаннан артық қандай бақыт бар?!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521