Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қашықтан оқыту қаншалықты тиімді?

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқуға кірісті. Осы орайда, «Жаңа жүйеге аудан мектептері мен оқушылар дайын ба? Қашықтан оқу жүйесінің тиімділігі неде? Ата-аналарға қашықтан оқу қиындық тудырып жатқан жоқ па?» деген сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.

Барлық жағдай қарастырылып отыр

6 сәуірден бастап аудан бойынша 18 мектепте 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқуға көшті. Бала саны – 6263, мұғалімдер саны – 941. Он сегіз мектептің Т.Жанұзақов атындағы және Тасқұдық бастауыш мектептері интернет желісі жоқ болғандықтан «Балапан», «Еларна», «Қазақстан» телеканалдары, «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы оқытылуда. Қалған 16 мектептің оқушылары аталған телеканалдардан бөлек, «Daryn.onl.», «Kundelik7kz», «Bilimland» платформалары арқылы онлайн оқыту әдістерімен де сабақтар жүргізуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың мектеп оқушыларын қашықтан оқыту жөнінде берген тапсырмасында: «Аудан, облыс орталықтарынан қашықта орналасқан 5-80 аралығында оқушылары бар шағын жинақталған мектептерде сабақты штаттық режимде өткізуге (санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын күшейте отырып) болады» деп көрсетілген. Осы бағытта аудан бойынша Т.Жанұзақов атындағы және Тасқұдық бастауыш мектептеріне ата-аналардың келісімін алу жөнінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кейбір ата-аналар қарсы болғандықтан ауданымыздың басқа мектептерімен бірге қашықтан оқытылуда. Аталмыш телеканалдары арқылы 1-11 сыныптар бойынша өтетін сабақ кестесі барлық мектептерге таратылды. Сабақтар дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9.00-ден 14.40-қа дейін жүргізіледі. Жаңа тақырыптар түсіндіріліп болған соң, әр мұғалім тақырып бойынша тапсырмаларын беріп, оқушылармен сол күні кері байланыс жасап, орындалысын қадағалауда. Аудан бойынша әдістемелік орталық арқылы дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек пәндері бойынша онлайн сабақтар дайындалып, облыстық әдістемелік орталыққа берілді. Қазіргі уақытта аудан бойынша үй жағдайында компьютер қажет ететін 194 отбасы анықталып, таратылып берілді. Сонымен қатар үйінде компьютері жоқ мұғалімдерге де сұраныстарына қарай мектептердегі компьютерлер берілді. Тоқсан басталғалы әр мектептер бойынша оқушылардың телеканалдардағы сабаққа қатынасуына мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл ретте оқушылардың телесабаққа қатынаспайтын кездері жиі кездесуде. Сондықтан ата-аналар тарапынан оқушыларға бақылау жасап, уақытылы сабаққа қатынасуын қадағалауды күшейту қажет.

Амангелді БАҒДАРОВ,

аудандық білім бөлімінің басшысы

Сабақты бетпе-бет өткізгенге не жетсін?!

Тоқсанның басталғанынан екі аптадан аса уақыт өтті. Жаңа жүйеге оқушылар да, ата-аналар да төселіп қалды. Бастапқыда қалай болар екен деп уайымдағынымыз рас. Өйткені, бастауыш сынып болған соң қиынға соғады деп ойладық. Бірақ, қазір оқушылармен жүйелі жұмыс бар. Ата-аналарда қашықтан оқыту жүйесіне елдегі төтенше жағдайға байланысты түсіністікпен қарап, оқушылардың сабаққа қатысына барлық жағдай жасап отыр. Қазір мен үшін бұрынғыдай қалыпты жұмыс жүріп жатыр. Себебі осы уақытқа дейін оқушыларды сауаттандырып әбден оқуға машықтандырып алдым. Бұл тоқсан ең жеңіл тоқсан. Ата-анамен тығыз байланыс жасап отырмын. Жаңа жүйе бойынша балалардың сабақ оқуына мүмкіндік жасап жатқан ата-аналарға алғысым шексіз. Сабақ барысын алдымен оқушылар телесабақтарды қарап, жаңа сабақты түсінеді. Содан кейін олардың жұмыстарын тексеріп, кері байланысқа шығамыз. Мен үшін әр оқушының пікірі құнды. Сабақ барысында балалар еркін диалогқа түседі. Әрине, сабақты бетпе-бет кездесіп бергенге не жетсін?! Бірақ, қазір түсіністікпен жұмыс жасаудамыз. Жалпы, шәкірт алдыңда болса жазу каллиграфиясына мұқият қарайсың. Үйде қанша дегенмен анасының жанында болғасын ба, еркелеп жазулары талап деңгейге жетпей жатады. Бірақ, барымша түзетуге жұмыстанып, ұсынысымды білдіріп отырамын. Оқушыларыммен әлеуметтік желісі арқылы түске дейін бірге отырып жұмыс жасаймыз.

Гүлмира ОРАЗОВА,

Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының

жоғары санатты мұғалімі

Қыр басындағы онлайн оқу

Оқу жылы басталысымен барлық бала секілді бізде мектепке қарай асығамыз. Бірақ, біз басқа балалар сияқты өз үйімізден қатынап сабақ оқымаймыз. Өйткені, ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысатын болған соң қыр басында тұрады. Ал, біз Ойыл ауылдық округінің орталығында білім аламыз. Ата-анамызға демалыстарда барып, қолғабысымызды тигіземіз. Осы оқу жылындағы төртінші тоқсанды ата-анамыздың қасында оқудамыз. Өйткені, барлық мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесіне көшіп отыр. Ал, біз қыр басында мобильді байланыс арқылы сабақ оқимыз. Мұнда байланыс дұрыс шықпайды. Алдымен «Балапан», «Ел Арна» телеарналарынан жаңа сабақты түсініп, тапсырма аламыз. Содан соң орындалған жұмысты ватсап әлеуметтік желісі арқылы мұғалімдерімізге жібереміз. Кейде байланыстың нашарлығынан орындалған жұмыстарымызды жібере алмай жатамыз. Ондай жағдайда байланыстың жақсы ұстайтын жерлерін іздеп, терезенің алдына барып, үйдің бұрыш-бұрышын кезіп кетеміз. Үйде өзімнен кейін мектеп жасындағы үш сіңілім бар. Барлығымызда тапсырманы солай орындаймыз. Бірақ, бізге осы жаңа жүйе ұнайды. Өйткені, ата-анамыздың қасында, бауырларымызбен біргеміз. Сабақтан босай салысымызбен үй тірлігіне көмектесеміз. Әкемнің сыңарының қыздары да сабақты біз сияқты оқиды. Олар да қыр басында. Екі ауылдың арасы жақын болғаны мен бір-бірімізді жиі көре бермейміз. Сабақ, үй шаруасы деп жүргенде уақыт зырғып өтуде. Десе де, сыныптастарымызды, апайларымызды сағынып жүрміз.

Аружан ТЕМІРҚЫЗЫ,

Ш.Еркінов атындағы орта мектептің оқушысы

Көштен қалып жатқан жоқпыз

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты төртінші тоқсан қашықтан оқыту форматы бойынша басталды. Шалғай жерде орналасқан ғаламторға қосылмаған елді мекенде «Қашықтан оқыту қалай іске асады?» деген сұрақ туындағаны рас. Ата-аналар үшін де қиын болды. Оқуды бастамас бұрын «Біздің мектепте қашықтан оқыту қалай ұйымдастырылады?» тақырыбында ата-аналар, оқушылар арасында жиналыстар өтіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні Тасқұдық бастауыш мектебі бойынша мектепалды даярлық тобы, 1-4 сыныптарынан бес оқушы білім алуда. Мектепте алты мұғалім жұмыс жасайды. Әрине, ғаламтор желісі болмағандықтан барлық платформаны қолдау мүмкін емес. Алайда, «Балапан» телеарнасындағы бейне сабақ, ватсап әлеуметтік желісі арқылы жүзеге асуда. Дәстүрлі режимде оқыту мен қашықтан оқыту жағдайы басқаша. Соны ескере отырып, әріптестерім қолжетімді әлеуметтік желілер арқылы оқушыларға қашықтан жүйелі, сапалы білім беруге жұмыстануда. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы балалардың болашағы үшін жасалып отыр.

Тоқжан ТІЛЕКҚЫЗЫ,

Тасқұдық бастауыш мектебінің директоры

Мұғалімдердің жауапкершілігі артты

Төртінші тоқсанды биылғы оқу жылында барлық мектеп қашықтан оқу әдісімен бастады. Әрине, бұл – қиын. Бұл елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан білім берудің жаңа түрі. Сондықтан мұғалімдердің де жұмысы көбейіп, жауапкершілігі артты. Осы тұста, оқушылар мен ата-аналар да өз үлестерін қосулары керек. Осы үштік беріккен жағдайда қашықтан оқыту нәтижелі болады. Сабақ кестесі телеарнадан және басқа да ақпарат құралдары арқылы таратылуда. Белгіленген 6 сағат аралығы әр сыныпқа бөлінеді. Яғни, бір отбасында 4 бала болса, бір-біріне сәйкес келмейтін түрлі уақытта оқиды. Бұл сабақтар тиісті платформаларға жүктелген соң, балалар қайта көре алады. Сол сияқты бұдан басқа да министрлік сабақ өткізудің жаңа форматтарын ұсынды. Олар аудиосабақтар, интернет платформасы, пошта арқылы байланыс. Мұның барлығы мектеп оқушыларының білім алуы үшін таңдалған жол. Бұлай болмайды, балаларға қиын деп даурығудың да қажеті жоқ. Әрине, мектеп партасында отырып білім алғанға ештеңе жетпейді ғой. Десе де, елдегі жағдайға байланысты осы шешімге келіп отырғаны да жасырын емес. Қазіргі таңда білім жүйесі жаңа форматқа көшпей жатып-ақ, мектеп оқушыларының қолында бір-бір телефон болатын. Сол себептен қиынға соқпасы белгілі. Онлайнмен сабақ оқуды тез үйреніп алады. Тек ата-анасы қадағалау жасап, ұстаздар тапсырма беріп, орындалысын бақылап отырса болғаны.

Күлайра БАШИМОВА,

ардагер ұстаз

Интернеттің жоқтығы қиындық келтіруде

Біздің үйде мектеп жасындағы үш бала, бір студент бар. Қазіргі таңда білім жүйесіндегі жаңа өзгеріс балалардың сабақ оқуына қиындық туғызып отыр. Мектеп жасындағы балалар телеарна арқылы сабақтарын оқи алса да, студенттерге қиын. Өйткені, тапсырмалардың күрделілігі, оларды орындау, үнемі оқытушыларымен байланыста болу барлығы да ғаламторды қажет етеді. Қазір олар ұялы телефон арқылы байланыс жасап отыр. Осы күні ай сайынғы абоненттік тарифтің бағасы да қымбатсып кеткен. Және де бір айға жетіп жүрген интернет тарифі тез бітіп кетеді. Осы жағдайлар да балалардың сабақ оқуына кедергі. Сол сияқты үйдегі бала басына телефон алуға қаражатымыз жеткіліксіз. Өзіміз жұмыста жүрген уақыттарда тапсырмаларын уақытылы жібере алмай жатады. Алайда, бала заман көшінен қалмау керек. Сол себепті де балалардың сабаққа қатысын, үлгерімін қадағалау ата-ана мойынына артылып отыр.

Гүлшат ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,

ата-ана

(аты-жөні өзгертілген)

Түйін. Міне, ұстаздар мен ата-ана, оқушылардың пікірі осыған саяды. Қалай болғанда да, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру білім беру саласындағы қызметкерлердің басты міндеті екендігі анық. Ендеше, қандай жағдайда болмасын заман талабына сай өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын білім беру жағын қарастырғанымыз абзал.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

сурет ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT