Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ ал, ақиқат пен алыпқашпаны қалай ажыратамыз?

Жақында көптен көрмеген танысым кездесіп, әңгімеміз жараса кетті. Әңгіме қыза келе әлгі танысым «Естідің бе? Жақында бәрімізге чип салады екен. Сол арқылы бізді бақылап отырады және чип арқылы өздеріне бағындырып, қалаған жағына жұмсай алады» деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сөйтсем бұл ақпаратқа жалғыз ол емес сенушілер көп екен.

Артынан зерделеп қарасақ қазіргі ақпараттық технология дәуірінде біз күніне жүздеген ақпаратты қабылдайды екенбіз. Ал, солардың ішінде алыпқашпасы қайсы, ақиқаты қайсы оны дер кезінде ажырату тағы қиын. Соның салдарынан ел арасында түрлі әңгіме тарап, қоғамды дүрліктіріп жатады. Жоғарыдағы танысымның «Елге жаппай чип салады екен» деген әңгімесі соның жарқын дәлелі. Айта берсек мұндай мысалдар жетеді. Елімізде соңғы қалыптасқан төтенше жағдайдың өзінде түрлі алыпқашпа әңгімелер өрбіп, көп адамның сеніміне селкеу түсті. Соған сай, біз бүгінгі санда жалған ақпарат тарату, оның себебі мен салдары, тартылатын жауапкершілігі жайлы сөз қозғап, аталмыш тақырыпты зерттеп көрген едік.

Пандемия кезіндегі дерексіз дәйектер

Елімізде короновирус дерті дендеп, халық әбігерге түсіп жатқанда жалған ақпараттар да жағадан алып, елдің есін шығарып жатқаны жасырын емес. Соған сай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілде айының басында пандемияға байланысты жасаған үндеуінде жалған ақпарат таратушыларға арнайы тоқталып өтті.

Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе. Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады, - деген болатын мемлекет басшысы.

Сөздің шыны керек, ел президентінің алаңдайтындай-ақ жөні бар. Себебі, жалған ақпаратттар легі пандемия кезінде тіпті өршіп кетті. Мәселен, төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндердің бірінде Whatsapp арқылы Миялыда короновирус шыққаны, енді жол жабылып, дүкендер жұмысын тоқтатыны жайлы ақпарат тарап кетті. Ол кезде ауылда бірде бір науқас тіркелмеген болатын. Кейіннен бұл ақпаратты құзырлы органдар жоққа шығарып, халықты сабырға шақырып, әрең басты. Аудандық полция бөліміне хабарласқанымызда ақпаратты таратқан адам анықталып, тергеу амалдары жүріп жатқанын жеткізді. Ал, шілде айының басында әлеуметтік желілерде «Вирусты ұшақ арқылы ауаға шашады екен. Соның салдарынан пәлен адам қырылып жатыр» деген мәтін мен ауаға қызғылт түсті зат шашып жүрген ұшақтың бейнекөрінісі тарап кетті. Іле-шала Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл АҚШ-тағы өрт сөндіруші ұшақ екенін, елімізге ешқандай қатысы жоқтығын айтып, халықты ондай ақпараттарға сенбеуге шақырды. Жалған ақпараттың зардабы тек елімізге ғана емес тұтас әлемді де алаңдатып отыр. Мысалы, әлемдік деңгейде таралып кеткен ақпараттың бірі – «Короновирус ауруы Қытайдың Ухань қаласында 5G интернет байланысын қондырғаннан пайда болыпты, бұл адамзат баласын жойып жіберуге арналған массондық ұйымдардың құпия жоспары» деген бағытта өрбіді. Тіпті бұл ақпаратқа сенген кейбір Еуропа елдерінің өзінде 5G интернет байланысы орнатылған бағаналарды өртеген оқиғалар да болған. Соның салдарынан мемлекетке орасан шығын келген. Әрине мұның бәрі ақпаратты толық зерттемегеннен, білімсіздіктен орын алып отыр. Сондықтан кез-келген ақпаратты бірден қабылдамай, ақылға салып, сүзгіден өткізген дұрыс.

Өтірік арқылы қалта қағатындар көп

Жалған ақпарат таратушылар жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын «КСРО заманында жасалған кір тасын миллион теңге сатып аламын. Оның құрамында өте құнды элемент бар» деген жарнама шығып, бүкіл ел дүрлікті. Сол сияқты «Ескі тоңазытқыштардың ішінде ракетаға құятын май болады екен. Қысқасы сондай тоңазытқаштарды қымбатқа сатуға болады» дейтін де қауесет шығып, жұрт жаппай қорада жатқан ескі тоңазытқаштарының шаңын сүртіп, саттыққа шығара бастады. Мұндай жарнамаларды естіген кейбір ақшасы бар адамдар ауыл-ауылды аралап, кір тасы мен тоңазытқыштарды арзан бағаға сатып алды. Кейіннен оны өткізетін жер таба алмай алданғанын біліп, сан соғып қалды. Артынан зерттеп, зерделеп қараса кейбір пысықайлар алдын ала ескі-құсқы заттарды өздері жинап қояды да, сосын барып «Осы зат жаңа технологияға керек екен. Бағасы сұмдық қымбат» деп жарнама таратады. Оған сенген жұрт жаппай әлгі заттарды іздей бастағанда жаңағы алаяқтар өздері жинап қойған ескі-құсқыларды әжептәуір бағаға өткізе салады. Бұдан бөлек былтырғы жылы «Жарқанаттың ұясы рак ауруына ем екен. Бағасы жиырма мың доллар» деген ақпарат желдей есіп, ел-жұрт тау-тас пен ескі ғимараттарды кезіп кетті. Артынан көзі ашық азаматтар жарқанатта ұя болмайтынын, аяқтарымен кез-келген қуыста, ағашта, үй төбесінде жабысып тұратынын айтып халықты әрең тоқтатқан еді.

Ал, 2018 жылы «Каспий банк» банкротқа ұшырайды» деген хабарға иланған жүз мыңдаған салымшы салған депозиттерін қайтарып алды. Банк иелері мұның жалған екенін айтып шыр-пыр болса да құлақ асқан ешкім болады. Сосын амалсыздан депозиттерін қайтадан салған салымшыларға қосымша үстеме пайыз беріп, жарты тұтынушыны әрең қайтарды. Сөйтсе бұл ақпаратты таратушылар «Каспий банктың» басты бәсекелестері болып шықты. Әлеуметтік желілерлерде әншілер арқылы конкурс өткізіп, халықтың ақшасын жинап, қашып кеткен пысықайлар да жалған ақпарат таратудың арқасында қалталарын қалыңдатып алды. Ал, оған сеніп ақша салған қарапайым халық сан соғып қала берді. Демек, бұдан шығатын қорытынды кез-келген жалған ақпараттың артында белгілі бір адамның немесе топтың жеке мүддесі, бас пайдасы жатады.

Жауапкершіліктен ешкім жалтара алмайды

Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, жалған ақпарат таратушыларға заң аясында әкімшілік емес қылмыстық жауапкершілк қарастырылған. Қылмыстық Кодекстің 274-бабында «Көрінеу жалған ақпарат тарату – қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіреді» деп анық көрсетілген.

Бұл бап бойынша жалған ақпарат таратқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Демек, ел ішін алатайдай бүлдіріп, сыртынан қызықтап отыратындар анықталған жағдайда жеңіл жазамен құтылмайды. Осы орайда, қазақтың «Өтірік өрге баспайды» деген нақылы еске оралып отыр. Яғни, кім, қандай жағдайда ақпарат таратса да оның түбінде ашылары сөзсіз.

Ашықтық пен жариялылық қажет

Жалған ақпараттың жолын кесудің бірден бір жолы – жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының тез арада халықпен кері байланысқа шығуы. Егер ауданда, ауылда елді елең еткізген ақпараттар тарала қалса жергілікті полиция бөлімі болсын, әкімдік болсын халыққа дер кезінде хабарлап, ресми ақпарат беріп отырғаны дүрыс. Сонда ғана жалған ақпараттың жолы кесіледі. Таралған күннің өзінде халық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенеді де, ақпарат таратушының сөзі зая кетеді. Яғни, халыққа ашық әрі анық ақпарат беріп отырған абзал. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы негізде қалыптасса керек.

Осы орайда, халықаралық тәжірибелерге сүйенейік. Белгілі блогер Өркен Кенжебек өзінің Америкаға жасаған сапарында жергілікті полициядан «Сіздер қылмыс болғанын халыққа қандай уақытта хабарлайсыздар?» деп сұрағанда, олар «45 секундта полиция бөлімінің твиттер желісіне жазамыз. Себебі, біз оқиға жайлы сәл кешігіп жазсақ, басқа біреу қылмыс болған жерді суретке түсіріп, таратып жібереді. Сосын халық дүрбелеңге түседі де, біз ақпаратты игере алмай қаламыз» дегенін айтады. Біздің елде полициялар қылмыс болса 45 секундта емес екі-үш айдан кейін брифингте немесе есеп беру жиынында бір-ақ айтып жатады. Бұл орайда, немістердің де тәжірибесі өте қызық. Мысалы, біреу сол елге барып «Күн шығыстан шығып, батыстан батады» деп қарапайым ақпаратты айтса, ешкім сенбейді. Ақпарат рас болса да әлгі неміс бұл жайлы Германиядағы астрономия орталығының ресми өкілінен сұрап, дәлелді құжатты көріп барып иланады. Мемлекет халқын соған тәрбиелеген. Тиісінше жауапты органдары да халықтан ештеңе жасырмайды. Сондықтан, ерте ме, кеш пе бізге де бұл тәжірибелерді қабылдау керек. Сонда ғана өтірікшілердің сөзі де, ісі де өрге баспайды.

Ақпарат таратушыны анықтауға бола ма?

Ақпараттың орталығы бұрын көбіне аурухана, мектеп сияқты әйелдер көп жұмыс жасайтын мекемелер болса қазір ұялы телефон. Соның ішінде Whatsapp желісі арқылы желдей еседі. Қазір кез-келген адамның телефонында «Достар», «Туыстар», «Группаластар» деген топтар бар. Деректер бойынша жалған ақпараттардың басым бөлігі осындай топтар арқылы таралады екен. Ал, осы ақпаратты таратушыларды анықтау мүмкін бе? ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұр:

– Қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпатараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, Whatsapp арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан технология қарыштап дамыған ешкімнен ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып, тыныш жүрген абзал, - дейді.

Түйін.

Қазақ халқы әлімсақтан «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп, ақпараттың таралу ауқымын мақал қылып айтып кеткен. Қазіргі дамыған технология заманында айтылған ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын тұтас Қазақстанды шарлап, әлемді әбігерге салады. Ал, өтірік айтушылардан себебін сұрай қалсаң «Қазақ қосып айтады, қосып айтпаса несін айтады» деп өздерін ақтайтынын қайтерсіз?! Сонда олар халқымыздың «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деген тыйымын біле бермейтін секілді.

Қорыта айтқанда, жалған ақпарат тарату адамға абырой әпермейтін тірлік. Егер құзырлы органдар ұстап алса, сорыңның қайнағаны. Ойымызды түйіндер болсақ онсызда өзі жалған дүниеде елді дүрліктіріп, жалған ақпарат тараптай бір-бірімізге тілеулес болып жүргенге не жетсін?!

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT