Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттық құндылықты дәріптеу парыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы баспасөз беттеріне жарияланып, ондағы әрбір сөз жұртшылықтың көңілінен шығып үлкен әсер алып отыр.

"Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды", - деп басталған мақалада біраз тұшымды ой айтылды.

Мемлекет басшысы мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажет. Сонымен қатар, Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек екенін нақтылап айтты. Бұл ақын шығармашылығына жасалған қамқорлық деп білемін.

Мақаладағы маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару керектігін айтты. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және "Абай" телесериалы түсірілмек. Тарихи тұлға туралы телесериал түсірілсе қандай жақсы. Түсірілген телесериал арқылы жасұрпақтың бойына ақынның шығармашылығын, өмір жолын кеңінен таныстыруға болады. Сондай ақ, мемлекет басшысы "Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады", - деді. Мұның өзі ақын шығармашылығын құрметтеумен қатар, үздіктер үшін үлкен мәртебе деп білемін. Мақала барысында ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттігі баса айтылды.

Ендеше ел болып тойлайтын Ұлы тұлғаның тойынан ақын шығармашылығынан үлкен тағылым, тәрбие алып, ұлттық құндылығызды дәріптеуіміз керек.

Жайғали ӨТЕУҒАЛИ, Жаңашаруа орта мектебі

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521