Екі жыл бойғы кезбелік өмір Поль Масаганы құрыштай шынықтырып, төзімділікке үйреткен және оны болашаққа деген сенім-үміттің бәрінен жұрдай еткен. Ол өзі туралы ықылассыз, енжар, құдды бір бөгде адам жайлы ойланғандай ойлады. Бір кезде қолыма жұмыс тиеді-ау деген ой миына кіріп те шықпайтын, сондықтан тек кейін: «Қап, әттең бармағаным-ай, мүмкін жолым болар ма еді?..» деп, өкінбес үшін қабылдауға келе жатыр.
Ол қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болады-ау деп те күтпейді. Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет қалаға келгеніндегідей, жүрегі де алып ұшпайды. Содан бері оның өзі де өзгерді және еуропалықтарды да түсініп болды. Олардың бәрі бірдей, африкандықтар жөнінде ештеңе білмейді, барлық қаралар ұшқалақ, бәрі асқан зорлықшы әрі кісі өлтірушілер деп, қайдағы бір жаттап алғандарын айтудан танбайды. Ол тек кейін, өкініштен бармағын тістемеуі үшін, хабарландыру бойынша келеді. Бәрінен де түңіліп бітті. Екі жыл бойғы кезбелік өмір, қайыр сұрау, орларға, су ағатын құбырларға түнеу...Мараранипи – су бұрғыш арықтарға түнеуші – деп, локация оған ат қойып, айдар тақты.
Бір күннің екінші күннен айырмашылығы жоқ. Ол күлкінің не екенін ұмытты, жерлестеріне немесе тел өскен құрбы-құрдастарына ұшырасудан қорқып, көпшілік жүретін жерлерге жоламайды. Тамақтың иісі мұрнын қытықтап, онсыз да аштықтан әрең жүргенінде, қарнын онан сайын ашықтырмау үшін, ресторандар мен дәмханаларды орағытып өтеді. Мектептен алған өзінің аттестатын жоғалтып алды, тіпті, соның болмағаны дұрыс та! Құр қағаздан не пайда. Аттестат оның жұмыс табуына көмектесе алмады. Оның үстіне осы аттестатқа бола ұзақ уақыт бойы бұлдыр қиял жетегінде жүріп, өз есебінен жаңылыпты. Бастапқыда ол кеңселерден орын іздеді, аттестатпен таза жұмысқа алатын болар деп ойлады. Мектепте ғой аттестат кеңседе қызмет істеуге кепілдік береді дейді. Ол соған сеніпті. Ол үйіне, мектебіне, туысқандары мен дос-жарандарына енді өзінің қалада тұратынын айтып, хат жазды, мұның өзі оған бейне бір жетістіктей көрінді. Қалаға деген табынушылық жалғыз оның емес, деревняда өскен кез келген африкандықтың ауруы. Бірақ, бір апта көшелерді кезіп, аштық пен қатыгездікке кезігуі мұң екен бұл аурудан құлан-таза айығып шыға келеді. Бұл жерде мұндай аттестаты барлар сеңдей соғылысып жүр. Ол Камерон-стриттегі еңбек биржасынан өзі сияқты ондаған жас жігіттерді көрді, өзіне қарағанда, олардың көбінің бағалары жоғарырақ болатын. Алғашқыда бұған оның есі шығатын, бірақ көп кешікпей оған да үйреніп кетті. Өйткені аттестаттың қара бақырдай құны жоқ екенін түсінді. Миссионерлік мектептің және онда оқушылардың ой-санасына зорлап түсіндіріп жүргендерінің бәрінің де бос сөз екенін білді. «Білім алу! – деп, іштей Поль кекете күлді. – Велосипед, автомобиль немесе самолет сияқты адамның басын айналдырып, сиқырлайды. Ақ адамдардың ойлап тапқандары... Сол білімді алу үшін біз туған ағамызды да аямаймыз ғой, ал одан не пайда?»
Демек, ол аттестатының жоқтығына өкінбейді. Ол тіптен жоғалтып алғанына қуанады. Оны бетке ұстап босқа дәмеленбейді және ауыр қол жұмысына мұрнын шүйірмейтін болады. Мектеп бітіргеніңді біржола ұмыту керек! Ал, ол алғашқыда кеңсе есігінің алдындағы менменсіген қақпашының сұрағына ренжіген-ді.
- Қандай жұмыс іздеп жүрсің?
- Жазба жұмыс.
- Тағы да оқымысты! Әлі ернінен емшек табы кетпей жатып, бұл да кеңсеге ұмтылады. Немене, сонша, Солсберидің күні тек клерктерге (кеңсе қызметкерлеріне) қарап қалды ма? Сенің біздерден нең артық? Жол құрылысына жөнел! – деді де, қарқылдап күлді.
Бәрінен де өзің жайлы ештеңе айтпағаның жақсы. Жұмыс іздеп жүрмін десең болғаны. Әзірге бәтеңкесі мен шалбары бүтін кезде, оның өзіне деген сенімі бар еді, бірақ оның сенімі кеше ұлтанынан түскен бірінші шегемен, шалбарына жамалған бірінші жамаумен бірге жойылды. Бұрын тәп-тәуір киімі мен аттестаты барда ол өзінің қадір-қасиеті барын сезініп, байсалды көрінуге тырысатын. Ал, енді ұлтаны мүлдем желініп бітті, енді жұрттың бәрі қандай болса, бұл да сондай – кәдімгі жұмыссыз адам.
Мекеме бастығы Босс келушілерді темекі сақталынған үлкен сарайда қабылдады. Хабарландыру бойынша Поьден басқа тағы да он үш адам келді, өздері жайлы өткендегі өркөкірек пікірлерінің өкінішті белгісіндей – олардың түнерген бет-әлпеттеріне қарағанда, бәрінің де аттестаты болса керек.
Оның кезегі бірінші болатын. Сондықтан орын оған тиді. Ақ нәсілді адам былай деді: «Дүйсенбіден бастап жұмысқа кірісесің. Осы жерде сағат жетіде бол. Мен мистер Томсонға апаратын хат беремін».
Демек, мистер Томсонның қарамағында жұмыс істеуіне тура келгені ғой. Оны жұма күні тіркеді, ал дүйсенбіде таңертең ол хат алу үшін кеңсеге келеді.
- Мистер Томсонды нөмірі төртінші сарайдан табасың.
Бұл мистер Томсонның жүзінен ешқандай жақсылық нышаны көрінбейді – кәдімгі родезиялық фермердің дәл өзі. Ол темекі бумаларын сарайдан жүк машинасының қорабына тасып жатқан бригадаға бұйырық беріп тұр.
- Кешіріңіз... – деп бастады Поль, конвертті ұсына беріп.
- Саған не керек? – деп, Томсон ашулана бұрылды.
Поль оның күнге тотыққан қызыл күрең бетін, жүн басқан жалпақ төсін, жолбарыс терісінен лента тағылған кең жиекті фермер қалпағының астынан сұстана қараған көкшіл көздерін көрді.
- Мынаны сізге беруге маған әмір етілген еді, сэр, — деп түсіндірді Поль, әдет бойынша кейін шегініп. Томсон конвертке қараған да жоқ.
- Маған жіберілген жігіт сенбісің? Поль естімей қалды да, сыпайы түрде қайталап сұрады.
- Кешіріңіз, сэр, түсінбей қалдым?
- Ой, тәңірім-ай! – деп дүңк ете түсті Томсон.
- Сен не, саңыраусың ба? Сені мұнда жұмыс істеуге жіберді ме?
- Маған мына қағазды сізге бер деп еді.
- Қағазың құрысын! Мен оқи алмаймын! Саған бұл жерде не керек екенін білгім келеді. Қарапайым сұраққа жауап бере алмайсың ба?
- Иә, сэр, мені сізге жұмыс істеуге жіберген болар деп ойлаймын.
- Немене, саған айтпап па еді?
- Иә, маған айтқан болатын.
- Ендеше, оның нендей әңгімесі бар?
- Мен ойлап едім...
- Айналайын, сен білесің бе...
– Жуан сұқ саусағымен Польдің кеудесін нұқып қалды.
- Маған бұл жерде ойшылдардың қажеті жоқ. Маған не айтсам, соны орындай алатын және айтқанымды тыңдайтын кісілер керек. Бұл жерде ойлайтын тек мен боламын, түсіндің бе? «Мен ойлап едім, мен ойлап едім...» Сенің ойлағаның маған бір тиын.
Мистер Томсон сарайдың түпкі бұрышындағы столға қарай кетті де, Поль бұрынғы орнында тұра берді.
Столға жайғасып отырған мистер Томсон:
- Немене, сені біреу жерге қағып қойған ба? – деп, ақырды.
Конвертін қолына ұстаған Поль оған таяп келді. Мистер Томсон бір бет қағаз бен қарындаш алды.
- Атың кім?
- Поль Масага.
- Бұрын темекі сұрыптауда жұмыс істедің бе?
- Жоқ, сэр.
- Не-е дейсің?
-Жұмыс істегенім жоқ...
- Олай болса, неменеден құр қалдың?
– Томсон жұдырығымен столды қойып қалды.
- Мен әңгімелесуден өткенмін...
- Ал, менің онда не жұысым бар? Маған әңгімелесу керек емес, жұмыс, жұмыс керек!
- Менің аттестатым бар, сэр және ...
- Тыңдашы, сен! Маған темекіні сұрыптай алатын адам керек. Егер маған аттестат керек болса, мен солай деп айтар едім ғой. Мектепті қашан бітірдің?
- Екі жыл бұрын.
- Ал, содан бері не істедің?
- Жұмыс іздедім.
- Олай болса, одан әрі іздей бер. Бұл жерден тайып тұр.
- Бірақ...бірақ...
- Немене, есіктен итеріп шығарсын деп тұрсың ба?
Поль бұрылды да, шыға беріске қарай жүрді. Томсонның деміге ырсылдап жүргені естілді. Жұмысшылар іш тартып, ақырын ғана Польді шақырып еді, бірақ ол оларға жауап қатпастан, кеңсеге қарай бет алды. Есік қағып кірген Польді көріп, ақ нәсілді адам қағаздан басын көтерді.
- Поль, бұл сенбісің? Тағы не боп қалды?
- Мистер Томсон маған тәжірибең жоқ дейді.
- Енді оған не істесем екен! Өткен аптада оған он бес адам жіберген едім, ол шетінен милау деп, бәрін жаратпай тастады. Енді оған милы жігітті жіберсем, ал ол тәжірибесі жоқ дейді. Қасарыс-қан неме екен.
Ақ нәсілді адам трубканы көтерді.
- Мистер Томсон?.. Иә, неліктен Поль жарамады? Бірақ, сіз маған айтқан жоқсыз ғой...Аһ... Олай болса, жақсы...Жарайды, жарайды. Ол трубканы қойды да, Польге қарады.
- Бұлай болып шыққаны өкінішті-ақ. Оған не болғанын білмеймін, сен сияқты аттестаты барлар бұрын бізде жұмыс істемеген-ді. Мен істің қамы үшін осылай болса өте жақсы болар деп, ойлаған едім, бірақ көріп отырсың, мен... Шынымды айтсам, жаным ашып тұр. Сен бекерге уақытыңды кетірдің...
Ақ нәсілді адам оған он шиллинг қағаз ақша ұсынды. Поль ақшаны алып, рақмет айтты да, не болғанын жете түсінбестен, сыртқа шықты.
Чарлз МУНГОШИ, Зимбаве жазушысы.
Аударған: Тәжібай ЖАНАЕВ.