Жастар күні қарсаңында, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жылу толу құрметіне арналған Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың ұсынысымен және «Батыр боламын» қайырымдылық қорының демеушілігімен Жамбыл ауылдық округінде ауыл жастарына арналған жаттығу залының ашылу рәсімі өтті.
«Қаракөл» мәдениет үйінің жанынан ашылған жаттығу залында жекпе-жек, күрес, бокс, гимнастика секілді спорт түрлерінен бір мезетте 30 балаға дейін дайындалуға қамтамасыз етілген. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
- «Батыр боламын» қоғамдық қоры шалғайдағы Қызылқоға ауданына келіп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және ел намысын қорғайтын палуандар шығару мақсатында шағын спорт залға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп отыр. Ендгі кезекте, ауыл жастары бос уақыттарында спорт залға келіп, осы мүмкіншіліктерді тиімді пайдалануы керек. Ауыл жастарына қолдау көрсеткен «Батыр боламын» қорынына алғысымызды білдіреміз, - деді.
- «Батыр боламын» қоғамдық қоры 2017-2018 жылдары алғашқы спорт залды ашты.
Өткен жылдан бастап еліміз бойынша спорт залдарын ашуды жоспарлап, қазіргі таңда сол бағытта жұмыс жасау үстіндеміз. Жалпы еліміздің қала, аудандары бойынша 800-ден астам жастар осы залдарда тегін дайындалса, оның екеуі балалар үйінде орналасқан. Қазіргі кезде жастардың жат әдеттерге үйір болып, соңы қылмыстық істерге дейін ұласып жатқандығын көріп жүрміз.
Басты мақсатымыз - шалғай жерлердегі ауыл жастарына спорт залдар ашып, оларды спортшы ретінде емес, бірінші кезекте адами тұрғыдан тәрбиелеп, көк байрағымызды көкке көтерер азаматтарды көбейту. Ал, 2021-2022 жылдардағы жоспарымыз бойынша елімізде 100 спорт залын ашып, 10 мыңнан астам баланы спортқа баулу болмақ. Бүгінде Жамбыл ауылдық округінде Ешпатов Аманқос Құлжабайұлы атындағы №10-шы спорт залын ашып жатырмыз. Бұл залдан Халықаралық ареналарда көк туымызды желбірететін спортшы ұл-қыздарымыз шығуына тілектеспін,- дейді аталмыш қор президенті Арман Уахап.
Ауыл жастарына жасалып жатқан қордың бұл жұмысы өскелең ұрпақтың болашағына деген қамқорлығы деп білеміз. Алдағы уақытта, бұл күрес мектебінен ел намысын қорғайтын, апайтөс балуандар шығады деген сенімдеміз.
Әйгерім БАЙДӘУЛЕТ