Астанадағы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан - Польша матчында еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина қарсыласын ұтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бүгінгі алғашқы кездесуде қазақстандық теннисші әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетпен ойнады. Кеше Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шыққандықтан, командалық әлем чемпионатына жолдама алу үшін бір ғана жеңіс жеткілікті еді. Елена Рыбакина польшалық теннисшіні 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 3:0 есебімен алға шығып, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Бүгінге жоспарланған қалған екі кездесу ойналса да, ештеңені шешпейді. Матчтан соң Елена Рыбакина барлық жанкүйері мен командасына алғыс айтты.