Жақында Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жанындағы «Жайық» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Әбдуәлі Марат Сәуенұлының 60 жасқа толуына арналған дзюдодан жастар және жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир болып өтті.
Турнирге көрші Ресей, Әзербайжан елдерінен, еліміздің Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан және Атырау облысына қарасты барлық аудандарынан татами шеберлері қатысып, барлығы екі жүзден астам спортшы бақ сынады.
Осынау дүбірлі додаға мерейгердің шәкірттері демеуші болса, жерлес жатттықтырушының мерейін үстем етіп, абыройын асқақтату мақсатында ауданнан арнайы Марат Сәуенұлының алғашқы жаттықтырушысы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменов, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиев, Мұқыр ауылдық округінің әкімі Мереке Есқалиев, Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиевтер жарыстың құрметті қонағы болып, мерейтой иесіне аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жапты.
Сайыстың ашылу салтанатында, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Атырау облыстық «Дзюдо» федерациясының президенті Нұрлыбек Ожаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Саламат Ідірісов, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Бақыт Барсайлар құттықтау сөз сөйлеп, Марат Сәуенұлының спорттың ең күрделі түрі самбо, дзюдо, қазақ күрестерінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі. Ал, Марат Сәуенұлының шәкірттері атынан сөз сөйлеген Атырау облыстық №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжан жарыстың құрметті қонақтарына шапан жапса, мерейгер Марат Сәуенұлына шәкірттері атынан су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Осынау турнирде бүгінде Атырау облыстық №1 Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығатын сағыздық Дархан Теңелбай (46 келі салмақта, жаттықтырушысы Сәлімгерей Нұрболғанов) финалда жерлесі Айжарық Сансызбайды ұтып, бірінші орынға ие болса, Айжарық екінші орынды, миялылық Азамат Тілеков (66 келі) пен М.Серікқалиев (81 келі) үшінші орынды иеленді.
Сөйтіп, турнир өз мәресіне жетті. Бұдан кейін турнир қонақтары Марат Сәуенұлының шәкірттері жайған дастарқан басына жиналды.
Бауыржан СИСЕНОВ