Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЗИЯ КУБОГЫНДА АТОЙ САЛДЫ

Таяуда Алматы қаласында дзюдо күресінен Б.Махмутовты еске алуға арналған жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтті. Бұл жарысқа елімізден бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Гонконг, Тәжікстан, Грузия, Түркіменстан елінің жас балуандары қатысты.

Аталмыш сында ел намысын қорғаған жерлестер жерге қаратпады. Жарыстың алғашқы күнінде 66 келі салмақта белдескен сағыздық Дидар Аманжол алғашқы белдесулерінде қырғызстандық және қос бірдей өзбекстандық балуанды ұтып, жартылай финалға шықты. Алайда, ақтық сын үшін болған белдесуде қостанайлық балуаннан ұтылып қалды. Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде өзбек балуанын жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Дәл сол күні 57 келіде қыздар арасында белдескен Дәмелі Асылхан өзбек, грузин балуандарын ұтқанымен, келесі айналымда Қырғыз елінің өкілінен ұтылып қалды. Ал, жұбаныш белдесуінде Қызылорда, қола медаль үшін болған тартыста Жамбыл облысының балуанын жеңіп, үшінші орынға қол жеткізді. Сағыз ауылында дүниеге келген Дәмелі осы салмақта ел намысын қорғаған 8 балуанның ішінде жүлдеге іліккен жалғыз дзюдошы. 

Жарыстың екінші күнінде қыздар арасында +70 келі салмақта сынға түскен миялылық Айымзада Думанқызы алғашқы белдесуінде Қырғыз елінің балуанын таза жеңсе, екінші белдесуінде ақпан айында Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатының финалында есе жіберген Жетісу облысының балуанын ұтып, есесін қайтарды. Алайда, жартылай финалда маңғыстаулық балуаннан айласын асыра алмады. Ал, соңғы шешуші белдесуде моңғол балуанын соңғы секундтарда таза жеңіп, Азия кубогының қола жүлдесін қанжығаға байлады. Осылайша, Азия кубогында үш қола жүлдеге ие болған жерлестер өздерінің болашағы жарқын екендігін дәлелдеді. Осы орайда, балуандарды аталмыш додаға дайындаған жерлес жаттықтырушылар Сәлімгерей Нұрболғанов, Данияр Жақсиев, Ертай Ерғалиевтардың еңбектері зор екендігін айта кеткен жөн. 

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT