Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, бас серіктес «Қазақтелеком» АҚ және Қазақстан спорт федерациясының ұйымдастыруымен Атырауда халықаралық «Atyrau CyberCup 2025» турнирінің гранд-финалы өтуде.
«Atyrau CyberCup 2025» – Қазақстан мен Орталық Азияның үздік ойыншылары бас қосқан киберспорт саласындағы басты турнир. Жарыс IT-мәдениетті дамыту, заманауи цифрлық индустрия мен жастар арасындағы инновациялық әлеуетті арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сайысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан ойыншылары қатысуда. Турнир LAN-форматта Dota 2 және CS2 атты екі негізгі дисциплина бойынша өтуде. «Осы дода арқылы Қазақстанды киберспорттың Орталық Азиядағы астанасы екенін көрсетеміз. Гранд финал: DOTA 2 және Counter Strike 2 ойындары бойынша өтеді. PUBG Mobile бойынша жүлдегерлер анықталмақ. Бұл жерде жаңа жұлдыздар пайда болып, цифрлық спорттың жаңа тарихы жазылады деп күтілуде» дейді Қазақстан киберспорт Федерациясының менеджері Бейбарыс Серіков. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын бұл турнирдің іріктеу кезеңі 18–29 қыркүйек аралығында өтті. Ал гранд-финал барысында DOTA 2 және Counter Strike 2 бойынша үздіктер анықталады. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев турнирдің жастар үшін маңыздылығын атап өтті. Бұл шара өңір жастарының киберспортқа қызығушылығын арттырып, жаңа цифрлық мүмкіндіктерге жол ашпақ.