Спорттық алаңдар Сарыөзек, Өркен, Самал, Жерұйық, Жұлдыз, Көкарна, Елшібек, Мирный, Балауса ықшам ауданында орналасқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгін ашылу салтанатына қала әкімі Шәкір Кейкін қатысып, тұрғындарды құттықтады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
- Баршаңызды салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен шұғылдануға шақырамын. Жаңа футбол және воркаут алаңдары жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, қоғамның дені сау әрі белсенді болуына өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, осы спорттық алаңдарды күтіп ұстауға, оларды таза және жарамды күйде сақтауға баршамыз үлес қосайық, - деді Ш.Кейкін.
Аумағы 1022 шаршы метрді құрайтын футбол алаңдары жаңа технологиямен салынған, үсті арнайы тормен жабылған. Қабырғалары қалың темірмен қоршалып, футбол алаңына Dtex фирмасының 13000 талшығы бар жасанды жабынды төселген. Аталған аумақта воркаут және баскетбол, волейбол, балаларға арналған ойын алаңдары бар. Алаңдарға жарық шамдар орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.
Кейбір ықшам аудандарда жер көлемінің үлкен болуына байланысты ойын алаңдары салынған. Мәселен, Жұлдыз ықшам ауданында екі воркаут, баскетбол және волейбол, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңы бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы алаңдар да қарастырылған.
Сәуле МАҒАУ