Абай облысында дзюдодан ересектер арасында алғаш рет «Abay Open» турнирі өтті. Екі күнге созылған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 350-ге жуық спортшы қатысып, татамиде кім мықтыны анықтады.
Бұл жарыста облыс намысын қорғаған жерлесіміз Айымзада Думанқызы қарсылас шақ келтірмей, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. +78 келіде белдескен ол жарысты екінші айналымнан бастады. Алғашқы белдесуінде Шығыс Қазақстан облысының, кейін Шымкент қаласының балуандарын ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Финалда астаналық балуанмен шығып, белдесудің аяқталуына 30 секунд қалғанда оны «юко» ұпайына түсіріп, сол жеңісті уақыт біткенше ұстап шықты. Сөйтіп ол жасы жетпесе де, ересектер арасындағы додаға түсіп, алғашқы алтын медалына қол жеткізді.
– Бұл мен үшін аса маңызды жарыс болды. Себебі, жасөспірімдер мен жастар арасында талай турнирде топ жарғаныммен ересектер арасында жолым болмай жүр еді. Бұл жолы барымды салдым. Әсіресе, финалдағы астаналық қарсыласымды жеңгеніме өте қуаныштымын. Себебі, былтыр Азия кубогы сарапқа салынған жарыста осы балуаннан ұтылып қалған едім. Осы жолы есемді қайырдым. Бұл жеңіс менің алдағы жарыстарыма серпін мен сенімділік сыйлады, - дейді балуан қыз.
Осы орайда, Айымзаданы аталмыш жарысқа дайындаған бапкерлері Ертай Ерғалиев пен Мейіржан Есмағамбетовтің еңбектері ұшан-теңіз екендігін айта кеткен абзал.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН