Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жыл қорытындысы: Атырауда 25 жекеменшік мектеп ашылды

Орта мектептердегі орын тапшылығы күннен-күнге ушығып, сыныптарда оқушы саны 40-қа дейін көбейсе, кейбір мекемелер үш ауысыммен оқытуды қалыпты құбылысқа айналдырып алған. Сарапшылардың болжамы бойынша 2026 жылға қарай мектептерде 1 миллионнан астам орын жетіспеуі мүмкін екен. Бұл – білім сапасына ауыр соққы. Оның салдары ата-аналарды жекеменшік мектептің есігін қағуға мәжбүр ете бастады. Ал, республика бойынша олардың саны тек соңғы жылы ғана күрт өсіп, 408-ден 563-ке жеткен. Бірақ бұл шешім жүйені тығырықтан шығара ала ма?

Жекеменшік мектептер бүгінде тек мемлекеттік стандарттарға сай білім берумен шектелмей, авторлық әдістемелер мен заманауи оқыту тәсілдерін белсенді енгізе бастады. Мұндай білім ұялары STEAM бағдарламаларын қолданып, шетел тілдерін тереңдетіп оқытуға, роботтық техника мен пәндік олимпиадаға дайындыққа ерекше назар аударады. Ата-аналардың мектептің саясатына ықпал етіп, маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатысуына да мүмкіндік береді. Бұл – жұмысбасты ата-аналар үшін көп артықшылық, себебі баланың білімі, тамағы мен қосымша үйірмелері бір жерде болса, күнделікті тұрмысты едәуір жеңілдетеді. Жекеменшік мектеп өз тарапынан тек сапалы білім ғана емес, өмір сүрудің ыңғайлы жаңашыл тәсілін де ұсынады.

Ұлттық білім беру деректер қорына сәйкес, Атырау облысында қазірдің өзінде 25 жекеменшік мектеп тіркелген, ал үш ауысымда оқытатын мемлекеттік мектептердің саны – 10. Бұл мәселені шешуде жекеменшік мекемелердің ықпалын атап өткен жөн. Дегенмен, олардың көбейюі қоғамда терең мәні бар әлеуметтік сұрақтарды да туындата бастады. Атап айтқанда, «Білім беру бизнеске айналып кетпей ме?», «Балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздік тереңдей түспей ме?», т.с.с.

Мұндай мекемеде оқуға екінің бірінің қолы жетпейді, тек табысы көп, дәулетті отбасылардың балаларына ғана бұйыратын бақ. Осының өзінен-ақ әлеуметтік теңсіздік туындап, жас өрендер арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын одан сайын ұлғайтуы әбден мүмкін. Яғни, «ерекше білім алу мүмкіндігі – тек белгілі бір әлеуметтік тапқа тиесілі» деген тұжырымды туғызады. Ал, көп балалы немесе орташа табысы бар ата-аналар жекеменшік мектептің маңынан да жүре алмайды, өйткені бағасы «ұшынып тұр».

Жекеменшік мектептің бұл «ерекшелігі» қоғамда таптық бөлініс туғызып, «Тіленшіге жел қарсы» демекші, қарапайым отбасының жеткіншектері тағы да сол мемлекеттік мектептегі біліммен шектеліп қалуы ғажап емес. Сонда бала санасы мен әлеуетінің тең болатыны туралы идеяның бұзылатынын ескерген де жөн. Әрине, жекеменшік мектеп өзінің қабілет-қарымын пайдалана отырып, үлгерім сапасын арттыруға күш салары сөзсіз, бірақ бар мақтанса табылар-ау, жарлы мақтанса шабылып қалмас па екен?!

Әрине, жұмысбасты ата-аналар үшін мұндай мектеп – тиімді шешім. Баланы тасымалдап, тамағын ұйымдастыру, үйірмелер мен қосымша сабақтарды қамтуға бас ауыртпай, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту сияқты артықшылықтар уақытын үнемдеген соң жұмысы қауырт атыраулық Гүлвира Жағыпарова да қызын бірден жекеменшік білім ұясына беріпті.

– Отағасы вахталық қызметте, өзім таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Қызымның дұрыс білім алуы үшін «Тағылым» мектебін таңдадық. Оған еш өкінбейміз. Қызымыз үй тапсырмасын мектепте орындап, қызықты үйірмелерге қатысып келеді. Үйге келгенде сабақ оқы деп мәжбүрлеген емеспіз, себебі мұғалімі – өте білікті маман, қызым да белсенді. Әрине, аздап тентектігі бар еді, ұстазы Маржан Ізбасарқызы оның энергиясын ғылымға бағыттап, дұрыс жол көрсетті. Соның арқасында қызым ғылыми жоба жасап, республикалық деңгейде жүлделерге қол жеткізді. Қазір де сол жобасын одан әрі дамытумен шұғылданып жүр. Меніңше, мұндай нәтиже – ұстаздың әр баламен жеке жұмыс істеген шеберлігінің арқасы. Қызымның айрықша пысықтығы басылып, ашықтығынан тұйықтыққа өтіп кетпеуін қалайтын едім. Өз басым баланы төмпештеп, «қой» деп жеки беруді дұрыс көрмеймін. Мектептегі ұстазы баланың осы ерекшелігін ескеріп, жақсы арнаға бағыттай білді, — дейді ол.

Гүлвира қызын күні бойы мектепте оқыту үшін айына 130 мың теңге төлейді екен. Демек жылына – 1 миллион 170 мың теңге. Ал облыстағы осы нұсқадағы басқа мектептердің бағасы ұсынатын қызмет түрлеріне қарай жылына 2-3 миллион теңгеге дейін жетеді. Оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті тереңдетіп, білім беру саласында таптық жүйені қалыптастыруы мүмкін жайттың негізгісі де осы.

Бұл теңсіздік білім беру жүйесінің болашағына қалай әсер ететіні әзірге беймәлім. Алайда, жекеменшік мектепке баласын берген ата-аналардың барлығы бірдей Гүлвира сияқты дән риза емес. Мысалы, QS School – жаңашыл білім беру тәсілдерімен танылған жаңа мектеп. Оның авторлық бағдарламасы оқушыларға тек қауіпсіз әрі қолайлы орта ұсынып қана қоймай, ағылшын тілін терең меңгеруге және бірінші сыныптан бастап бизнес-білім алуға баулуды мақсат тұтады. Бұл мектеп өзінің инновациялық бағыттары мен білім беру әдістемесі арқылы біршама танымалдыққа ие. Қостанай, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында ашылған филиалдарынан кейін биыл Атырауда шәкірт қабылдаған. Ондағы жоғары сапалы білім және кәсіпкерлік бағыттағы бағдарламалар ата-аналардың қызығушылығын оятып, жұрттың көпшілігі осы оқу орнын таңдапты.

Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Мектепте білім алып жатқан 70-ке жуық оқушы үшін бұл тосын хабар болды. Ашылғанына үш ай өтпей жатып, ата-аналарға мектептің оқу процесін тоқтататыны туралы хабарланған. Мұндай тосын жайт ата-аналарға ешқандай түсініктемесіз, аптаның ортасында ғана жетті. Мектеп әкімшілігі тек «дүйсенбіден бастап мектеп өз жұмысын тоқтатады» деп хабарлаған. Ал, ата-аналардың кейбірі ай сайыны 200 мың теңгелік оқу ақысын алдын ала төлеп қойса, енді бірі жылдық төлемді де есептесіп қойған еді. Ақшасы басты мәселе болмаса да, ата-аналарды алаңдатқан басты сұрақ – балаларын қайда оқытатыны болды. Олар тоқсанды аяқтап, білімін жалғастыру үшін мектеп әкімшілігінен көмек сұрағанымен, ешкім нақты жауап айта алған жоқ. Ал, мектеп басшылығы оларға балаларын басқа жерге ауыстыруды ұсынған, бірақ бұл ұсыныс барлық ата-аналар үшін тиімді емес. Ақыры, біржақты шешім қабылдап, оның үстіне жөнді жауап бермеген мектеп әкімшілігіне олардың сенімсіздік білдіруден басқа амалы да қалған жоқ.

Мектептің ішінде жиһаздарды жинастырылып жатқанда, ата-аналар мұның әзіл еместігін аңғарып, шынымен ашуға мінді. Көптеген ата-аналар балаларының құжаттарын алып кетуге мәжбүр болса, енді бірі мектеп әкімшілігінің үстінен арыз жазуға кірісті. Қалалық білім бөлімі заң бойынша жекеменшік мектептерге жауапты емес, алайда «QS School» мектебі 1 желтоқсаннан бастап жұмысын тоқтатқанын ресми түрде білім бөліміне хабарлағаны белгілі болды. Бұл жағдай ата-аналардың өз құқықтарын қорғап, мектептердің жауапкершілігін арттыруға қатысты жаңа мәселелерді көтере бастады.

Мәселенің жай-жапсарын білмек болып, қаланың ескі бөлігіндегі мектепке арнайы барғанымызда, жалға алынған ғимараттың сыртындағы жазуын да алып тастағанын көрдік.

Қорыта келгенде, «QS School»-дің жұмысын тоқтатуы жекеменшік мектептердің қызметіндегі жауапкершіліктің қаншалықты екенін ашық көрсетіп берді. Мұндай жағдайлар жекеменшік мектептерге қатысты заңнамалық актілерді реттеуді күшейту қажеттігін туындатып, кез-келген білім беру мекемесінің баланың болашағына жауаптылығын арттыра түсуді меңзегендей. Тіпті, қоғамда білім сапасы мен теңдік мәселелерін қайта қоздатып, білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.

Олардың көбейюі білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік берсе де, тек белгілі бір әлеуметтік тапқа қолжетімді мекемелердің әрқайсысы қоғамдағы теңсіздікті ұлғайтуы мүмкін. Білім алу – әрбір баланың заңды құқығы, сондықтан мемлекеттік мектептерде білім беруді баршаға қолжетімді ету маңызды. Сонда ғана жүйеде теңдік орнап, балалар арасындағы бөліну мен таптық жүйенің қалыптасуына жол берілмейді. Бұл білім беру жүйесінің басты мақсаты болуға тиіс. Ал, жекеменшік мектептер тек коммерциялық мүдделерді көздемей, баланың болашағына адалдықпен қызмет етсе дейміз.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суреттер «Тағылым» жекеменшік мектебінің мұрағатынан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT