Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жуырда Атыраудағы №5 су сүзу станциясы пайдалануға беріледі

Атырау қаласының Береке ауылында орналасқан екі жылдан бері қайта жаңғыртудан өтіп жатқан №5 су сүзу станциясының құрылыс жұмыстары аяқтала келді. Нысан пайдалануға берілу үшін қазан айында құзырлы мекемеге тапсырылады. Бұл туралы аталған станцияның учаске бастығы Серік Асанов мәлім етті.

 Бүгінде су сүзу станциясының 80 пайызы қайта жаңғыртудан өтті. Қазір мұнда өзен суының бетінде қалғып тұратын құрылғы орнатылуда. Мұның негізгі атқаратын қызметі туралы қойылған сауалымызға орай бөлімше бастығы былай жауап берді.

–Жайықтың төмендеуіне байланысты өзен суы жағадан 20 метр қашықтыққа тартылып кетті. Сондықтан судың бетіне қалғып тұратын арнайы құрылғы салынуда. Бұл арқылы суды сорып, жинап, сүзгіден өткізілу үшін негізгі станцияға жіберілу қызметтері атқарылады. Береке ауылының тұрғындары тікелей осы қондырғыдан таза ауыз суды қолданады. Әрқайсысының сыйымдылығы 10 мың текше метр 3 қазан бар, сонда станцияда 30 мың текше метр су тазартудан өткізіледі. Мұндағы жұмыстар аяқтала келгендіктен, жуырда қолданысқа енгізуге тапсырылады. Қазіргі жұмыстарды мердігер мекеме – «БатысАльянсСтрой» ЖШС атқаруда. Одан кейінгі қызметтер басқа мердігер мекемеге жүктеледі, - дейді Серік Асанов.

Оның айтуынша, бұл аумақта 2 жылдың ішінде барлық резервуар бұзылып, қайтадан салынды. Диаметрі 600-800 мм құбырлар қайтадан жаңартылды. Қосымша сүзгі станцияларының ғимараттары жаңғыртылып, жаңадан жиһаздар да алынуда. Сондай-ақ қазір инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, тасжол төселуде.

–№5 су сүзу станциясының жұмысы 2012 жылы тоқтап қалған. 12 жылдан бері қаңтарылып қалған станцияға бүгінде қайтадан жан бітіп, атыраулықтарды таза ауыз сумен қамтуға бар күш салынуда. Құрылыста 80 жұмысшы қызмет етуде. Нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін диаметрі 630 мм-лік құбырмен Атырау қаласының тұрғындарына су жіберіледі. Тәулігіне 50 мың текше метрге дейін таза су тасымалдауға мүмкіндік бар, - дейді С.Асанов.

Айта кету керек, қазір атыраулықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Жайық жағалауындағы №1 су сүзу станциясы 1940 жылы салынған. Бұл – тозығы әбден жетіп тұрған ескі нысан. Сондықтан Береке ауылындағы осы ғимараттың құрылысын тезірек бітіріп, қолданысқа енгізу қолға алынды.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT