KAZINFORM – Жасанды интеллект жоғары білім мен ғылым саласына қалай әсер етіп жатыр? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді.
- Қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын 35 ғылыми-зерттеу жобасы мен бағдарламалары жасанды интеллект технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар Nazarbayev University, ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚазАТУ, СДУ, ҚБТУ, ШҚТУ, ОҚУ, ҚарМУ, АУЭС университет сияқты жоғары оқу орындарында қамтылған.
Әрі қарай, Министрлік тарапынан жасанды интеллект саласындағы консорциумдар негізінде ғылыми-зерттеу институттары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, сондай-ақ ЖИ саласындағы автономды ұйымдарының қатысуымен 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру (БМҚ) бөлінді, - делінген Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, Digital Bridge 2023 Халықаралық форумының қорытындысы бойынша Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды зерттеу институтына айналдыру, жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін тұтас экожүйе құру жұмыстары жүзеге асырылды. Осы бағытта Институт жасанды интеллект саласында 42 жоғары білікті ғылыми қызметкерді тартты.
- БМҚ аясында консорциумдар негізінде Nazarbayev University «Қазіргі заманғы үлкен тілдік модельді (KazLLM) жасау» бағдарламасы бойынша байқауға қатысып, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және мәдениаралық қатынас тілі ретінде қазақ тілін қолдауға, технологияларды дамытуға, және ғылыми зерттеулерді жетілдіруге бағытталған жобаны жүзеге асыруды ұсынды.
Сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын әзірлеуді бастады. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – жасанды интеллект саласындағы құқықтық реттеу тетігін қалыптастыру, оның ішінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы өзара әрекеттесуді реттеу, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Заң жобасында жасанды интеллект жүйелерінің классификациясына, Deepfake технологияларын анықтау мақсатында таңбалау енгізуге, авторлық құқықты белгілеуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, жасанды интеллект жүйелерінің тәуекелдерін басқаруға қатысты нормалары көзделген.
Заң жобасы Қазақстан аумағында мемлекеттік органдар, жеке әрі заңды тұлғалар арасындағы жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, сондай-ақ жасанды интеллект саласында ашықтықты, қауіпсіздік пен мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету үшін құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерді айқындау мақсатында әзірленді. Қазіргі кезде заң жобасы Қазақстан Үкіметі Аппаратының қарауында.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында студенттерге теория мен практикалық бағытты тиімдірек меңгеруге мүмкіндік беретін оқу процесіне жасанды интеллекті (ЖИ) әдістерін пайдалана отырып, виртуалды әрі интерактивті платформалар мен симуляторларды енгізу жөніндегі шаралар ескерілген.
Атап айтқанда, министрлік Жоғары оқу орнында ЖИ саласында 2024 жылға кадрлар даярлау жөніндегі жол картасын әзірлеп, бекітті. Жол картасын іске асыру аясында 70-тен астам жоғары оқу орыны «Жасанды интеллекті жүйелері», «Жасанды интеллекті технологиясы», «Зияткерлік ақпараттық жүйелер», «Үлкен деректердің зияткерлік жүйелері», «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллекті», «Білім берудегі жасанды интеллекті» және ЖИ саласында басқа да тақырыптар мен пәндерін қоса отырып, білім ағдарламасын жаңартты.
Биыл «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің ұсынылатын мазмұнын, сондай-ақ білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдаланудың жалпы қағидаттарын айқындайтын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ЖИ-ді қолдану бойынша университеттер арасындағы стандарт бекітілді. 17 жоғары оқу орны ЖИ саласында 17 білім бағдарламасын әзірледі.
Жаңа бағдарламалар аясында студенттер Python бағдарламалау, кітапханалармен және фреймворктармен жұмыс (TensorFlow, Keras, PyTorch), деректерді талдау және визуализация (Pandas, NumPy, Matplotlib, Seaborn), табиғи тілді өңдеу (NLP), үлкен деректер мен дерекқорлармен жұмыс (SQL, NoSQL), ЖИ шешімдерін бизнес-процестерге интеграциялау, нейрондық желілерді әзірлеу әрі енгізу, ЖИ көмегімен процестерді автоматтандыру және басқа да бағыттарды меңгереді.
Сонымен қатар ЖОО-лар базасында жетекші шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, олар ЖИ саласында жұмыстарын бастап кетті.
1) Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (SeoulTech) ЖИ және информатика мектебі жұмыс істейді. Осы жылғы 1 қыркүйектен бастап «Ақпараттық технологиялар», «Компьютерлік бағдарламалық қамтамасыз ету және бағдарламалау», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» және «Компьютерлік ғылымдар» атты жаңа бірлескен білім беру бағдарламалары енгізілді. 2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында аталған бағыттарға 100 грант бөлінді.
2) Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті City University of Hong Kong (CityU) филиалын құрды. ҚазҰТЗУ филиалмен бірлесіп «Жасанды интеллекті» білім бағдарламасы әзірледі, онда бакалавриатта – 63 адам, магистратурада – 10 адам оқиды.
3) Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 2024-2025 оқу жылынан бастап «Машина жасаудағы смарт-технологиялар және жасанды интеллекті» инновациялық білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Онда 24 адам білім алып отыр.
- Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) Киев ұлттық құрылыс және сәулет университетімен (Украина) бірлесіп, жобалық тәсіл мен ЖИ технологиясын пайдалана отырып «Жасанды интеллекті» бірлескен жаңа бағдарламаны әзірледі. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап осы бағдарлама бойынша кадрлар даярлау іске асырылып жатыр. Жоғары оқу орындарымен жасанды интеллекті саласын қамтитын пәндерді енгізу, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады, - делінген Ғылым министрлігі мәліметінде.