Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жұмысшы маманға сұраныс жоғары

Елімізде жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Осы қатардың ең басына автокөліктерді жөндейтін механик маман, электрик, дәнекерлеуші-слесарь, ағаштан түйін түйер шебер, кондитер, медбике, тігіншілер, т.б. жатады. Атаулы мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда өте маңызды рөл атқарады.

«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді Мемлекет басшысы. Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.

Жұмысшы мамандықтар – тек ауыр еңбек емес, ол шығармашылық, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала. Алға қарай әлемдегі еңбек нарығы өзгерістерге ұшырап, жаңа талаптар туындайды. Цифрландыру мен автоматтандырудың өркендеуі көп салаларда адам еңбегін алмастыратын жаңа технологиялар мен жүйелерді әкелетіні белгілі. Бірақ бұл өзгерістердің арасында жұмысшы мамандықтардың маңызы артады.

Ал елімізде жұмысшы құқығын қорғауға арналған негізгі құжат – Еңбек кодексі. Кодекс жұмыс уақыты, демалыс, еңбек шарттары, және еңбек қауіпсіздігі секілді маңызды аспектілерді реттейді. Жұмысшылар үшін әлеуметтік қорғау жүйесі Қазақстанда бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олар зейнетақы қорларына міндетті түрде жарна аударады. Бұл жарналар болашақта зейнетке шыққанда тұрақты қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді. Жүйе әр адамның еңбек өтілі мен жинақтаған жарналарына байланысты зейнетақымен қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жұмысшылар сапалы медициналық қазметке қол жеткізеді.

Бұл жүйе емханаға қаралу, ауруханалардағы ем алу, диагностикалық зерттеулер мен дәрі дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды, осылайша, жұмысшылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам  жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.

Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Атаулы жылдың нәтижелі болуын тапсырған Үкімет басшысы көлік саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді, ауылдарға маман тартуға жағдай жасауды, мамандарды қайта даярлауға мән беру қажеттігін атап айтып, тиісті министрліктерге тап­сырма берді.

Иә қазір қоғам көзқарасы басқа, жұмысшы маманға сұраныс жоғары. Қалай айтқанда да, биыл жұмысшы мамандықтың қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ.

Қанат Ғұмаров   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT