Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
***
Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалсын.
- Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастырсын.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын.
- Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Астана, Ақорда,
2023 жылғы 19 қаңтар № 104