Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жерге ағаш егілсе, елге ырыс келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш отырғызуға қатысуы – елдік мүддені көздейтін үлкен бастама. Бұл көзге кішігірім көрініс болып көрінгенімен, Мемлекет басшысының табиғатқа деген жауапкершілігін, жасыл экономика мен орнықты даму бағытындағы нақты ұстанымын аңғартты.

Бүгінде елімізде қолға алынған «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» аясында соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет егілді. Бұл — тек қана бір реттік акция емес, ел болашағына, экологияның жақсаруына, халқымыздың денсаулығы мен тұрмыс сапасына бағытталған стратегиялық іс.

Бұл игі бастаманың ауыл экожүйесіне, топырақ құнарлылығына, су ресурстарын сақтау мен жайылымдардың өнімділігін арттыруда аса маңызды рөл атқаратынын баса айтқым келеді. Әсіресе, климаттың өзгеруі, шөлейттену, жер эрозиясы сынды мәселелермен бетпе-бет келіп отырған ауылдық аймақтар үшін ағаш егу – шұғыл әрі кешіктіруге болмайтын шешімдердің бірі.
Әр өңір жергілікті климат ерекшелігін ескере отырып, аймаққа бейімделген ағаш түрлерінің тұқымбақтарын көбейту керек. Ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы салаларын үйлестіре отырып, агроорман шаруашылығын дамыту – яғни егіс пен орманды қатар жүргізудің маңызы зор.
Фермерлер мен агроқұрылымдарға көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін гранттық және субсидиялық қолдауларды көрсетілсе нұр үстіне нұр болады. Ал мектептер мен колледждерде агроэкология бағытындағы білім беру жобаларын енгізіп, өскелең ұрпақты табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеу күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуға тиіс.

Біз табиғатты аяласақ – табиғат та бізді сақтайды. Бұл ғылыми дәлелденген аксиома. Ағаш отырғызу – бұл болашаққа қалдырған аманат. Сондықтан әрбір азамат, әрбір кәсіпкер, әрбір шаруа туған өлкесін көгалдандыруға белсене қатысуы керек. Бұл — бәрімізге ортақ міндет, ортақ жауапкершілік.

Нұртас БАЙЖАНОВ,

“Ауыл” партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT