Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

“Жасыл ел”: Атырауда XXІ маусым басталды

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы Жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Самал Сатханқызы мен "Инфо Орталық” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заманбек Құрақбай мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Спикерлердің сөзінше, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы – жастарды маусымдық жұмыспен қамти отырып, өңірде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатын көздейтін жоба. Бұл жоба — тек еңбекке баулу ғана емес, экологиялық сана, ұлтжандылық пен қоғамдық жауапкершілікті арттыру алаңы. Атырау облысында 2025 жылғы «Жасыл ел» ЖЕЖ-ның ХХІ еңбек маусымында абаттандыру және көгалдандыру бағыттары бойынша 16-35 жастағы 1000 жасты жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Биыл бұл жобаны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Инфо Орталық ҚБ жүзеге асырады.

Қазіргі таңда сарбаздарды онлайн түрде тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Квоталар аудан орталықтары берген сандарға сәйкес бөлінетін болады. Бірінші кезекте жұмыссыз жастар және шалғай ауылдық округтегі жастарды қамту жоспарлануда. Сарбаздардың жалақы көлемі ең төменгі жалақы мөлшерін – 85 000 теңгені құрайды. Сарбаздардың жұмыс уақытында түрлі экологиялық, мәдени, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жеңімпаз жастарға мотивация ретінде түрлі онлайн курстарға сертификаттар, сыйлықтар табысталатын болады.

Жоба аясында өңірде экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында әр ауданда үш ай бойы түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ: Upgraded Atyrau; TrashTag Atyrau — экологиялық акция; Jasyl El Quest — экология тақырыбындағы квест-ойын; Jasyl El Puzzle — зияткерлік бағыттағы командалық жарыс. Сондай-ақ, әр ауданда ауқымды түрде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, "Жасыл ел" жасағы 2023 жылы 1756, 2024 жылы 1000 жасты жұмыспен қамтыды. Сонымен қатар, 2024 жылы сарбаздар Жылыой ауданында құрылыс бағыты бойынша да қызмет атқарды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT