Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

 

«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында жастар саясаты және діни ахуалға қатысты мәселелер талқыланды»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға тиісті басқарма басшылары мен онлайн режимде аудандардағы жауапты мамандар қатысты.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұханов өз баяндамасында өңірде тұратын 133 мыңнан астам жастың 74 мыңы – экономикалық белсенді санатқа жататынын атап өтті.

«Биыл жастар саясатын іске асыруға жергілікті бюджеттен 224 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Өңірде жастарға ерікті негізде қоғам өміріне қатысуға, құзыретін дамытуға мүмкіндіктер жасау және олардың бастамаларын қолдау қалалық және аудандық Жастар ресурстық орталықтары арқылы іске асуда. Қазіргі таңда Жылыой, Махамбет және Мақат аудандарында NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі қосымша бір штат бөлінді. Қалған аудандар да осы мәселені шешуі қажет»,- деді ол.

Осыдан кейін өңірдегі діни ахуалды баяндаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев аймақтағы жағдайдың тұрақтылығын және қатаң бақылауда екенін жеткізді. Айтуынша, облыста 37 исламдық, 3 православтық, 3 католиктік, 1 кришнаизм және 7 протестанттық бағытта – барлығы 51 діни бірлестік пен филиалдар кызмет етеді.

– Қазіргі таңда дәстүрлі Абу Ханифа мазхабын ұстанушылар да қыз балалардың мектепке орамал тағып келу мәселесін күнделікті көтеруде. Кей азаматтар өз ұл-қыздарын «орамалға» рұқсат ететін шетелдік білім беру орындарына ауыстырып жатқаны байқалады. Осы орайда, білім беру басқармасы мұндай оқушыларды бақылауға алып, елге қайтару жолдарын қарастыруы қажет.

Сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасына тағы бір қосымша бөлім ашып, 3 қызметкермен толықтыру керек, - деді Қайролла Көшқалиев.

Жиын соңында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар алу және аталған бағытттар бойынша жұмыстарды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521