Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОЙЫЛ ӨЗЕНІ АРАША СҰРАЙДЫ!

Ұзындығы 800 шақырымға созылатын Ойыл өзенінің басына қара бұлт үйірілді. Мұның себебі неде?

Осынау өте үлкен жауапкершілікті мойындарына жүктеген қос экспедиция біраз тәулік өзен бойын аралап, сапардан оралды. Көреген көз, жергілікті тұрғындардың Ойыл өзеніне қатысты тебірене айтқан ащы шындықты естіген құлақтарда жазық жоқ. Мұны экспедициялардың қорытындысы туралы жазылған жазбаларды оқығандар анық байқаған болар. Өзеннің экологиялық апатқа ұшырауына орасан зардабын тигізіп тұрған мәселелерді экспедиция мүшелері толыққа жуық анықтаған. Ендігі кезек күтпейтін міндет - сол қолдан жасалған кедергілерді тезірек жоюға жұмыла күресу. Бұл қолдан келетін шаруа. Осы арада сәл шегініс жасап, Ойыл өзеніне судан сарқылып қалмауына байланысты жасалған нәтижелі жұмыстарды еске түсірейік.

Ойылға бұрын да өр суы ара тұра келмей қалып жүрді. Мұндай кезде көршілес Ақтөбе және Атырау облыстарының, өзенді жағалай қоныстанған аудан басшылары бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, өзеннің арнасын судан толтыруға жұмыла күрескені әлі есімізде. Ауыл тұрғындары өзен арнасына құятын сай салаларды шөп шаламнан тазартып, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек еткенін де ұмытқанымыз жоқ. Әсіресе, қаулай өскен қамыс пен қоғаларды тағы да басқа арам шөптерді ерте көктемде өртеп, су ағатын каналдарды қолмен тазалағанды да ұмытуға болмайды. Осындай табиғатқа жанашырлық қазіргі таңда ауадай қажет болып тұр.

Ойылды құтқару өз қолымызда. Барлық пәлені табиғатқа аударып, күллі бір қауым елді асырап отырған Ойылдың тағдырына жеңіл желпі қарау әбестік. Ойыл арналарында қалың бөгеттер салынбаса да көмілген немесе әдейі бітелген бұлақтардың көзін ашып, Ойылдың суға толуына жедел кірісу керектігі өте-мөте қажет. Ойыл құрдымға кетсе әсіресе, Қызылқоға халқы ауыз судан тарығатыны айтпаса да түсінікті. Демек, Ойылды құтқаруға білек сыбана кіріскен табиғат жанашырларының патриоттық бастамасы ерекеше қолдауға тұрарлық. Соның ішінде Миялы ауылының тұрғыны Есенбай Нұровтың бастамасы нағыз азаматтық деп түсінеміз. Әрине, өзенді қақсытпауға қаржы да керек , алайда мұнайлы өңір саналған қос облыстың бұған мүмкіндігі жоқ дегенге сене қою қиын. Мәселе, бірлескен іс қимылда. Турасы, биліктің тұтқасын ұстағандардың Ойыл жағасында қоныстанған халықтың үніне құлақ асуында. Сонымен, Ойыл өзенінің қақсып қалуына кедергі болған олқылықтардың біразы ашылды.

Экспедициялардың бұлтартпас деректерін жергілікті атқарушы органдар шұғыл іске асырса Ойыл өзенінің арнасына өр суы сарқырай ағары даусыз. Тобықтай түйін, Ойыл өзені араша сұрайды және шапшаң орындалатын іс қимыл қажеттігін аңсайды. Алға қарай, Ойылды жылатпайық, ағайын!

Жолдас ЖАНҚУАТОВ,

ардагер журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521