Қазір әлемді жаулаған аты жаман індетпен күресу баршамыздың ортақ ісіміз.
Осы тұста, бір-бірімізге демеу болып, қолдау көрсету жақсы іс. Осындай жақсы бастаманы қолға алған Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары «Біз үйдеміз!» челленджін бастады. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарын рухани байытып, көңілін көтеру.
Бұл ретте, алдымен Болат пен Ботагөз Есенгелдиндер отбасылық ансамблі челенджді бастап:
– Қазір әлем үлкен бір қиындықты бастан өткеріп жатыр. Бұл жағдай біздің елімізді де айналып өтпеді. Осындай сәтте, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, демеу болуымыз қажет. Сонда ғана біз қиындықты жеңеміз,- деген жалынды сөзімен эстафетаны одан әрі ауыл тұрғындарына жолдады.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары «Біз үйдеміз!» челленджін қолдай отырып, бірі үйде домбырамен терме айтып, бірі күй шертуде. Үш күн ішінде челленджге жиырмаға жуық ауыл тұрғыны қатысып, әлі де жалғасын табуда.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ