Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жамбыл округіндегі бір күн

Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта жатқан Жамбыл ауылдық округінде 1500 тұрғын тұрады. Көгілдір отын, жол, ауызсу сынды негізгі әлеуметтік мәселелердің біразы шешілген.

Жолдары бар, белгісі жоқ

«Сағыз-Миялы-Индер» тас жолының бойында орналасқан бұл ауылдың бұрын басты мәселесі жол болатын. Бұдан бірнеше жыл бұрын аудан орталығы Миялы ауылымен екі ортаға екі-үш сағаттап жүретін ауыл тұрғындары қазір бір сағатқа жетпейтін уақытта барады. Алайда, тас жолы тақтайдай тегіс болғанымен, көп жерлерде жол белгілері қойылмаған. Мәселен, ауылға жақындағанда көлікті 60 шақырым жылдамдықтан асырмай айдау туралы белгі жоқ. Сонымен қатар, ауылдың сыртымен айналғанда екі үлкен қауіпті бұрылыс бар. Бұл жерлерде де ешқандай белгі жоқ.

Осы орайда, көлік жүргізушісі Темірбек Байтасов:

– Мен осы жақпен «Миялы-Атырау» бағытына жолаушы тасимын. Жангелдин, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінің маңынан өткенде барлық жерде 60 шақырым жылдамдықтан асырмау туралы және қауіпті ескертетін жол белгілері бар. Бірақ, Жамбыл ауылдық округі маңында ешқандай белгі жоқ. Мұны үнемі жүріп жүргендіктен біз білеміз. Әсіресе, бұл осы жолмен бірінші мәрте жүргендер үшін өте қиын. Себебі, олар ешқандай белгі болмағандықтан теп-тегіс жолмен жылдамдықты асырып, жүре беруі мүмкін. Ал, оның арты қайғылы оқиғаға ұласпасына кім кепіл?! - дейді.

Айтса айтқандай, жолмен тіке келе жатқан жүргізуші ешқандай белгі болмағандықтан, жол апатына түсуі мүмкін. Онсыз да ауданда жол-көлік апаты мен адам өлімі көбейіп тұрған сәтте жол белгілерінің болмауы өте қауіпті. Бұл мәселені тез арада шешпесе тегіс жолдың пайдасынан зияны көп болғалы тұр.

Жаңа емхана қашан ашылады?

Осылайша, округ орталығы Қаракөл ауылына келдік. Ауыл кірген сәтте тазалығымен бірден көзге түсті. Әр көшеде қоқыс жәшіктері мен жаяу жүргіншілер жолының жиегінде отырғыштар қойылған. Шашылып, көзге қораш көрінген ештеңе байқалмады. Орталық көшесінде мектеп, мәдениет үйі, пошта ғимараты, әкімдік, емхана бәрі жақын орналасқан. Ауылды аралай жүріп, су жаңа нысанға көзіміз түсті. Сөйтсек бұл жаңадан салынған отбасылық дәрігерлік амбулатория екен.

Осы орайда, аталмыш ғимараттың неліктен бос тұрғанын сұрау үшін емхана басшысы Шынар Шарафиденоваға жолықтық. Ол жаңа емхана жақында ғана облыстық құрылыс басқармасынан аудандық аурухананың теңгеріміне өткендігін, алайда, интернет нүктесі дұрыс орналаспағандықтан көше алмай отырғандығын тілге тиек етті. Сонда мемлекеттің пәлен миллион қаржысына салынған су жаңа емхана интернетке бола ашылмай тұрғаны қалай? Қазіргідей денсаулық сақтау саласына үлкен күш түсіп тұрған сәтте жаңа нысанның жағдайын жасап, тез арада ашуға қамданған абзал.

Спортшыларға зал керек

Қаракөл ауылы жайлы сөз болғанда ауыл спортшыларының кір тасын көтеру мен жеңіл атлетикадан мықты екендігі еріксіз ойға оралады. Айтса айтқандай, бұл ауылда аталмыш спорт түрлерінен тек аудан емес облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген спортшылар жетерлік. Алайда, осы сапар барысында ауыл спортшыларына жеткілікті жағдай жасалмағандығына көз жетті. Мәселен, кір тасын көтеруден бапкер Ришад Ғалиахметов:

– Біздің ауылда спортқа ынтасы бар балалар көп. Оны көп жылдан бері кір тасын көтеру спортына жастарды жаттықтырып жүргенде байқадым. Алайда, бізде спортшыларға толыққанды көңіл бөлінбеген. Мысалы, мен осы кезге дейін мектептің бір бөлмесін алып, оқушылар мен жастарды жаттықтырып жүрдім. Шәкірттерім облыстық, республикалық турнирлерде топ жарып жүрді. Алайда, өткен жылы мектепке ішкі әжетхана жасалатын болып, ол бөлмені босатуға мәжбүр болдым. Содан бері қазір жаттығатын жер жоқ. Бүкіл құрал-сайманымды жинап, шәкірттерімді таратып жібердім, - дейді.

Айтуы орынды. Себебі, бұл ауылда ынталы жастарды жанына жинап жаттықтыратын маман мен оған жалақы төлеп, жағдайын жасайтын спорт мектебінің филиалы керек-ақ. Онсыз спортты көтерем деу берекшілік.

«Ұрылар ұсталмайды»

Әрі қарай округ орталығынан 9 шақырым қашықтықта жатқан Айдын елді мекеніне бардық. 15 үй 73 тұрғыны бар бұл елді мекеннің негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы. Елді мекеннің әр үйіне көгілдір отын мен жарық тартылған, ал, ауызсуды су мұнарасынан тасып ішеді. Ауылға келген бетте біздің назарымызды аударғаны бұйрат-бұйрат құмдар болды. Құмның биіктігі мен көптігі сонша шағын ауылдың бір шетінен екінші шеті көрінбейді. Ауылға табан тірегенімізде елді мекендегі жалғыз мекеме кітапхана ашық тұр екен. Кітапханашы Орын Тілеуғалиева ауыл халқы кітапты жиі алып оқитындығын, газет-журналдар да уақытылы келіп тұратындығын тілге тиек етті.

– Бұл елді мекен ресми құжаттарда Айдын деп аталғанымен жергілікті тұрғындар «Шошақ» деп атайды. Ол әр жерлерде үйіліп жатқан құмдарға байланысты айтылса керек. Елді мекен мал шаруашылығы үшін таптырмайтын жер болғандықтан болашағы бар деп есептеймін. Ауыл халқын алаңдатып тұрғаны – мал ұрлығы. Бұрын ұрылар малды даладан көлікке тиеп алып кетсе, қазір сойып, ішек-қарнын далаға лақтырып кетеді. Мысалы, былтырғы жылы менің құлынды биемді және көп өтпей ауыл тұрғындарының бес бас сиырын дәл солай даладан сойып алып кетті. Бірақ, ұрылар ұсталған жоқ. Бұдан бөлек биылғы жылдың көктемінде көлікке тиеп бара жатқан күдіктіні көріп, ауылдың жігіттері тоқтатып, учаскелік полицияны шақырды. Сөйтсек көліктің астауында бір жақ құлағын сырға нөмірімен бірге кесіп тастаған қашар тұрды. Қашардың құлағынан қан саулап тұр. Дереу көлік иесін малмен бірге аудан орталығына тергеуге алып кетті. Кейіннен тергеушілерге соғып, мал кімдікі екенін сұрасақ сырға нөмірі жоқ болғандықтан иесін анықтай алмай жатқандығын алға тартты. Ал, мал тасыған жүргізушіге құжатсыз мал тасығаны үшін деп айыппұл салып, босатып жіберген. Міне, осындай әдістермен мал ұрлығы ашылмайды, – деп реніш білдірді кітпаханашы Орын апай.

Осы орайда, Жамбыл ауылдық округіндегі мал ұрлығына байланысты аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұркен Нұғмановқа хат жолдадық. Алайда, хатқа әлі күнге дейін жауап берілмеді. Елді мекенді одан әрі аралай жүріп, құдықтан су айдау құрылғысы арқылы мал суарып жатқан екі әйел адамға жолықтық. Өзін Бақтылы Көлбаева деп таныстырған тұрғынның басты мәселесі елді мекенде интернет жоқ. Бұл қашықтан оқитын студенттерге қиын. Расымен де қазір мал ұрлығы мен интернет аудан бойынша өзекті мәселе болып тұр. Ал, оны шешу үшін құзырлы органдар мен әкімдер жанын сала жұмыс жасау керек. Сонда ғана Айдын сынды елді мекендердің болашағы зор деп нық сеніммен айтуға болады.

Сапар барысында ауылдың даму қарқыны бір ізге түскендігіне куә болдық. Алайда, бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлеуметтік саланы әлдендіру, ауылды көгалдандыру, мал ұрлығының алдын алу сынды кезек күттірмейтін жұмыстар тоқтамауы тиіс. Бұл ретте жас әкім халық үніне құлақ аса отырып, қалай болғанда да ауылды көркейту бағытында жұмыс жасайды деген сенімдеміз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521